Павлодарлық полицей ит қапқан баланы ауруханаға шұғыл жеткізді

Павлодарлық полицей ит қапқан баланы ауруханаға шұғыл жеткізді
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Қауіптің алдын алып, қиын сәтте көмекке келген тәртіп сақшысына баланың анасы алғысын білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Қызмет барысында солтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Мадияр Жүзжасарға қолында кішкентай баласы бар әйел жүгіріп келеді. Павлодарлық тұрғын көмек сұрап, көз жасына ерік берген. Оның айтуынша, баласын ит қатты тістеп алған және оған шұғыл түрде дәрігерлердің көмегі қажет болған.

Жедел жәрдем бригадасын күтсе уақытты жоғалтатынын түсінген полиция капитаны бірден әрекет етті. Ол анасы мен жылап тұрған баланы қызметтік автокөлікке отырғызып, арнайы дыбыс және жарық белгілерін қосып, оларды жедел түрде аурухананың қабылдау бөліміне жеткізді.

Офицердің батыл әрі жедел әрекетінің нәтижесінде дәрігерлер балаға дер кезінде қажетті медициналық көмек көрсетті. 

Қазіргі уақытта оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Ал баланың анасы Мадияр Жүзжасарға қамқорлығы мен адамгершілігі үшін алғысын білдірді. 

Бұл оқиға полиция қызметінің басты мақсаты – қандай жағдай болмасын азаматтардың қасынан табылып, оларға көмек көрсету екенін тағы бір мәрте дәлелдегендей.