Павлодарлық полицейлер бүтін бір отбасын тілсіз жаудан құтқарып қалды

Павлодарлық полицейлер бүтін бір отбасын тілсіз жаудан құтқарып қалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өрт басталғанда үйдегі ересектер шырт ұйқыда болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, патрульдеу бағытында қызмет атқарып жүрген полиция капитаны Дәурен Қамзин мен полицияның аға сержанты Болат Бекмағамбет жеке тұрғын үйдің бірінен будақтап шығып жатқан қою түтінді байқайды.

Полицейлер уақыт жоғалтуға болмайтынын бірден түсініп, түтін шыққан үйге қарай асыққан. Олар қоршаудан асып түсіп, үйде адамдардың бар-жоғын тексеру үшін ішке кірген. Олардың күдігі расталды. Жалын шарпыған үйде екі ересек адам мен бір бала болған. Ересектер ұйықтап жатқандықтан, өрттің шыққанын байқамаған.

Полиция қызметкерлері үй тұрғындарын оятып, қауіп туралы ескертіп, дереу өрт сөндіру қызметін шақырды. Олардың жедел әрекетінің арқасында отбасыға төнген қауіп туралы уақытылы хабар берілді.

– Бұл жағдайда полицейлердің кәсіби дайындығымен қатар, адам өміріне деген жауапкершілігі де шешуші рөл атқарды. Олар түтінді байқап қана қоймай, адамдардың қауіп-қатерге тап болмауы үшін қажетті шаралардың барлығын жасады, – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, 23 қараша күні Павлодар қаласындағы №3 жылу-электр орталығының аумағында өрт тіркелді. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер градирняның ағаш торламасы ашық жалынмен жанып жатқанын анықтады.