Павлодарлық сот 300 миллион теңге аванс сомасын өндірді
Аванс мердігерге 1200 орындық ЖОББМ құрылысына берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, азаматтық істер жөніндегі сот алқасы жауапкердің қанағаттандырылған сот шешіміне түскен апелляциялық шағымы бойынша «Павлодар облысының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «П» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты шартты бұзу және жауапкерден алынған аванстық соманы өндіру туралы талап қою бойынша істі қарады.
– Іс бойынша 2022 жылдың қыркүйегінде тараптар арасында «Павлодар қаласындағы «Достық» тұрғын үй ықшам ауданын жобалау – жалпы сомасы 2 961 737 657,76 теңгеге 1200 орынға – жалпы білім беретін орта мектеп құрылысы» құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалғаны анықталды, – дейді баспасөз орталығында.
Жұмыстарды аяқтау мерзімі уәкілетті органнан құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарламаны алған күннен бастап 21 айды құрайды.
2022 жылғы 6 қыркүйекте шарт қазынашылық органдарында тіркелді. Сол күні талап қоюшы төлеуге берген шот-фактурасы негізінде жауапкерге 299 500 149,90 теңге аванс төлеген.
2022 жылдың 14 желтоқсанынан бастап 2023 жылдың 10 қарашасына дейін талап қоюшы жауапкерге шартты бұзу және аванстық соманы қайтару туралы бірнеше рет хабарлама жіберген.
Талап қоюшы сотқа «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы ұлттық пилоттық жобаның бекітілуін көрсетіп, шартты бұзу және аванстық соманы өндіру туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
Облыс әкімдігінің 2022 жылғы 14 желтоқсандағы қаулысымен жоғарыда аталған нысан ұлттық пилоттық жобаның тізіміне өзгерістер енгізілді.
– Талап қоюшымен бюджет қаражаты көзделмеген және бұл жоба Құрылыс бөлімі арқылы жүзеге асырылмайды деп шешілді. Жауапкерге шартты бұзу және аванс сомасын қайтару туралы жолданған хаттарға, жауапкер бас тартумен жауап берген, – деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қою қанағаттандырылды.
Апелляциялық шағымда жауапкер сот шешімінің күшін жойып, талап қоюды толық көлемде қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұрады.
Шарттың 9.4-тармағымен одан әрі орындау орынсыз болған жағдайда тараптардың келісімі бойынша бұзуға болатыны көзделген. Шарт жоғарыда көрсетілген мән-жайларға байланысты бұзылған кезде, мердігер өзінің нақты шығындарын өтеуді ғана талап етуге құқылы.
Дәлелдемелердің жиынтығы мен анықталған мән-жайларды негізге ала отырып, бірінші сатыдағы сот талап қоюшының талап қоюын қанағаттандыру туралы негізді қорытындыға келді.
Шағымдалған шешім өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.
Алқаның қаулысы заңды күшіне енді.