Екібастұзда мас күйде мотоцикл басқарған тұрғын ұсталды

Екібастұзда мас күйде мотоцикл басқарған тұрғын ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мотоцикл айып тұрағына қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінде тәртіп сақшылары екі дөңгелекті көлікті тізгіндеген ер адамды тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушінің іс-әрекеті күдік тудырып, медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын растады.

– Мас жүргізуші – тек өзі үшін ғана емес, айналасындағылар үшін де үлкен қауіп. Мұндай жағдайда көлік жүргізуге мүлде жол берілмейді, – деп атап өтті Екібастұз қаласы ПБ учаскелік инспекторы Дәуренбек Олжанов.

Тәртіп бұзушы полиция басқармасына жеткізіліп, мотоцикл арнайы айыптұраққа қойылды. Қазіргі уақытта жүргізушіге қатысты процессуалдық шаралар жүргізілуде.

Ведомствода атап өткендей, демалыс күндері өңір полицейлері 1300-ден астам құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 578 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркелсе, бес жүргізуші көлікті мас күйде басқарған.

Полиция департаменті жол ережесін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.