Павлодарлық студенттер NASA байқауының әлемдік кезеңіне қатысады

Павлодарлық студенттер NASA байқауының әлемдік кезеңіне қатысады
Фото: Павлодар ақпараттық технологиялар колледжі

Аталмыш жарыста ақпараттық технологиялар колледжінің студенттері мен Назарбаев университетінің өкілдері ел намысын қорғайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазан айының басында бүкіл әлемде NASA SPACE APPS CHALLENGE 2024 байқауының аймақтық кезеңдері өтті. 

– Оған 152 елден 8715 команда қатысты. Бұл ретте байқауға павлодарлықтар да қатысты. Роман Устименко (ПО-372 тобы) мен Жан Бейсекеев (ПО-174 тобы), сондай-ақ Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептің оқушысы Игорь Мартынюк команда құрып, 3D-сайт әзірледі және күн жүйесінің моделін жасады. Балалар Павлодар облысы бойынша бірінші орынға ие болып, 300 мың теңгеге сертификат алды, – деді ақпараттық технологиялар колледжінің баспасөз орталығында.

Аймақтық кезеңде жас ғалымдар лайықты білім деңгейлерін көрсетті және әлемдік аталымға ие болып, байқаудың келесі кезеңіне өтті. Дүние жүзіндегі 8,7 мың команданың 940-ы іріктелді, оның екеуі ғана Қазақстаннан. Екі флагмандық оқу орны – Павлодар Ақпараттық технологиялар колледжі мен Назарбаев университеті IT мамандарын даярлау саласындағы көшбасшылық ұстанымдарын растады.

NASA SPACE APPS CHALLENGE 2024 жаһандық төрешілігінің әлемдік кезеңі 19 қараша күні өтеді. Үміткерлердің жобаларын NASA мен серіктес ғарыш агенттіктерінің сарапшы төрешілер тобы қарастырып, жаһандық финалистерді анықтайды. 

Колледж әкімшілігі Павлодар командасына сәттілік тілеп, олардың жеңіске жететініне сенімділігін білдірді.