Павлодар облысының әкімі жаңа автобустарда тегін Wi-Fi орнатуды тапсырды
Аталған сұрақпен салалық басқарма айналысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин тұрғындарды Wi-Fi желісіне қолжетімді қосу мәселесін көтерді.
– Павлодар қаласында азаматтар көп жиналатын 18 жер анықталып, қоғамдық Wi-Fi қосу мәселесі пысықталды. Қыркүйек айында үнемдеу есебінен «Ertis Promenade» сахнасында осындай бес жабдық орнаттық. Әрбір нүктеге 250 адам қосыла алады. Яғни жексенбі күндері үлкен іс-шара өткен кезде 10 мың адамға дейін қоғамдық Wi-Fi желісіне тегін қосылуға мүмкіндік алады, – деді Ағыбай Әмірин.
Орталық жағалау 27 нүкте, қалалық бақ, теміржол және автовокзалдар және оларға іргелес аумақтарда 8 нүктеден, облыс әкімдігінің алдында, өзен порты және оған іргелес аумақтарда 6 нүктеден, әуежай және оған іргелес аумақтарда 4 нүкте, 11 парк пен алаңда 41 нүкте орнату жоспарланған.
Асайын Байханов қоғамдық орындарда тегін интернетке қолжетімділікті Павлодардан бөлек, басқа да қала мен аудандарда орнату қажет екенін айтты.
– Тапсырма одан да ауқымды болды. Мысалы, Екібастұзда Кеншілер паркі бар. Сол жерде реконструкция жүріп жатыр. Ақсу қаласының орталық саябағында «Ақсу молл» кәсіпкерлік ұжыммен бірлесіп жасауға болады. Олар да тегін Wi-Fi орнатсын. Екінші қадам ретінде осы бағытта аудан орталықтарына көшуге болады, – деді облыс әкімі.
Бұл ретте аймақ басшысы үш қалада қоғамдық көлік тасымалдау компанияларымен тегін интернет орнату мәселесін қолға алу керектігін мәлім етті.
– Әр автобуста Wi-Fi нүктесі болған жөн деп ойлаймын. Әрине, бұл техникалық мүмкіндікке байланысты, бірақ жаңа автобустарға осындай мүмкіндік беруге болады деп ойлаймын. Барша халқымызға, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау керек, – деді Асайын Байханов.
Еске сала кетейік, облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте өңірлік құрылыс басқармасының басшысы Асқар Ажмұрат жыл басында мұқтаж жандарға 212 пәтер беру міндеті жүктелгенін атап өтті. Өңірдің үш ауданында әлеуметтік осал тұрғындары үшін салынып жатқан үйлердің құрылысы кешіктірілуде.