Аққулы ауданында кірме жолдардың сапасы халықтың көңілінен шықты

Аққулы ауданында кірме жолдардың сапасы халықтың көңілінен шықты
Фото: Константин Шелков

Жөнделген жолдардың жалпы ұзындығы 22,54 шақырымды құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудандық маңызы бар «Аққулы-Қазы-Майқарағай» бағыты бойынша екі учаскеде жөндеу жұмыстары жүргізілді: 0-15 шақырым (15 км) аралығында орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жобаға жауапты мердігер – «АЗА» ЖШС. Жұмыс құны – 755,2 миллион теңге. Кіреберіс жолдарды жөндеу жобасы аясында үш ауылға апаратын жолдар орташа жөндеуден өтті. Жұмыстармен «Дорстрой» ЖШС мердігерлік ұйымы айналысты. Жамбыл ауылында 18 миллион теңгеге 0,43 шақырым, Жаңатаң ауылында 20,3 миллион теңгеге 0,35 шақырым және Әйтей ауылында 15,7 миллион теңгеге 0,3 шақырымға жолдар реттелді. 

– Биыл аудан бойынша жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Көптеген учаскелерде жөндеу толық аяқталып, тұрғындардың қатынасы жақсарды. Қазіргі таңда бір мердігердің міндеттемені орындамауына байланысты мамандандырылған ауданаралық сотқа талап-арыз жолданды, – деді Аққулы ауданының экономиканың нақты сектор бөлімінің бас маманы Қуаныш Айдархан

Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Шарбақты ауылындағы жалпы ұзындығы 4,16 шақырымды құрайтын ішкі көшелерге орташа жөндеу жүргізілді. Айманов көшесінде 1,52 шақырымы, Молдажановта 0,4 шақырым, Достық көшесінде 0,192 шақырым, Бейбітшілікте 2,048 шақырым жөнделді. Жоба құны – 211,2 миллион теңге. Бұл жерде де мердігер – «АЗА» ЖШС ұйымы.

Еске сала кетейік, «Аққу-Қазы-Майқарағай» жолының 31,7-34 аралығындағы учаскеде ресайклинг жұмыстары аяқталғанымен, асфальт төсеу мерзімі бұзылды. Жұмыстар 15 шілдеге дейін аяқталуы тиіс болған, алайда әлі күнге дейін жүргізілмеген. Осыған орай мердігерге ескерту хат жолданған болатын.