Павлодарлық студенттерге қауіпсіздік әліппесі үйретілді

Павлодарлық студенттерге қауіпсіздік әліппесі үйретілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жоғары инновациялық көпсалалы колледж студенттерімен полиция және әкімдік қызметкерлері жүздесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жиын барысында экстремизмге, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл заңнамасының нормалары және өзге де құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу мәселелері жан-жақты түсіндірілді.

– Студенттерге экстремистік және террористік сипаттағы қауіп-қатерлер туындаған жағдайдағы әрекет ету тәртібі, жеке қауіпсіздік шаралары мен төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмдері таныстырылды. Қатысушыларға экстремизм мен радикалды көріністердің алдын алуға бағытталған арнайы бейнематериалдар көрсетілді, – деді қалалық полиция басқармасы экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі Аян Анишев.

Интернет қауіпсіздігі мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Киберполиция қызметкері Еркін Жеңіс интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері, жеке деректерді қорғау жолдары және киберқылмыскерлерге қарсы тұру әдістері туралы айтып берді.

Сонымен қатар, жеке құраммен жұмыс жөніндегі аға инспектор Әсемгүл Арынғазинова жастарға ішкі істер органдарына қызметке қабылдану тәртібін түсіндірді. Ол кандидаттарға қойылатын талаптар мен кәсіби өсу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берді.

Тәртіп сақшыларының пікірінше, мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды шара болып табылады.