Павлодарда жасөспірім жүрген мекеме әкімшілеріне қатысты іс қозғалды
Материал сотқа жіберілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 21 наурыз күні сағат 22.00-ден кейін Толстой көшесі, 107/2 бойындағы ойын-сауық мекемесінде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз 17 жастағы кәмелетке толмағанның болу фактісі анықталды.
«Сол күні Қамзин көшесі, 158/1 бойындағы ойын-сауық мекемесінде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз 15 жастағы кәмелетке толмаған бала болған. Екі жағдайда да кәмелетке толмағандардың осы мекемеде болуына жол бергені үшін 20 жастағы әкімшіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК 442-бабының 1-бөлімі бойынша хаттама толтырылды, - деп хабарлады Павлодар қаласы полиция басқармасы солтүстік полиция бөлімі ювеналдық полициясының аға инспекторы Әсия Әлкеева.
22 наурызда Астана көшесі, 100 мекенжайы бойынша орналасқан Павлодар қаласының мейрамханаларының бірінде 2006 жылы туған кәмелетке толмаған бала болды. Мекеме әкімшісі де, кәмелетке толмағанның заңды өкілі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сол күні сағат 22.15 шамасында облыс орталығында Едіге би, 71а көшесіндегі ойын-сауық мекемесінде келушінің кальян тұтыну фактісі анықталды. 23 жастағы әкімшіге қатысты ҚР ӘҚБтК 441-бабының 3-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Айта кету керек, ағымдағы жылы Павлодар облысы бойынша ойын-сауық мекемелерінің 17 иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың қызметкерлері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасының еріп жүруінсіз болуына жол берген. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балаларының түнгі уақытта олардың еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болуына жол бергені үшін 229 заңды өкіл жауапқа тартылды.