Павлодарлық тоғызқұмалақшылар халықаралық турнирде жүлделі орындарға ие болды
Оралда өткен зияткерлік додаға бірнеше елден 400-ге жуық спортшы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы Тоғызқұмалақ федерациясының мәліметінше, Орал қаласында қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлиді еске алуға арналған халықаралық турнир өтті.
«Жайық Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылған жарысқа Қазақстанның түрлі өңірлерінен, сондай-ақ Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия, Ресей, Түркіменстан және Ауғанстаннан келген спортшылар қатысты.
Бес күнге созылған жарыста павлодарлық тоғызқұмалақшылар бірнеше жас санаты бойынша жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Атап айтқанда, 10 жасқа дейінгі ұлдар арасында Азим Ахметов, ал 12 жасқа дейінгі ұлдар арасында Айсұлтан Қайриденов үздіктер қатарынан орын алды.
12 жасқа дейінгі қыздар арасында Айару Салман, Даяна Байкенова және Аймира Сәкен жүлделі нәтижелер көрсетті.
Сондай-ақ 21 жасқа дейінгі қыздар арасында Еңлік Зейнолла, ал ұлдар арасында Арнат Қайриденов жүлдегер атанды.
Халықаралық турнир ұлттық зияткерлік спортты дамытуға, жас ойыншылардың шеберлігін шыңдауға және түрлі елдердің спортшылары арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Фото: Павлодар облысы Тоғызқұмалақ федерациясының Instagram-парақшасынан
