Павлодарлық зағип тұрғын көзі көрмейтін жандарға музыканы «оқуға» көмектеседі

Павлодарлық зағип тұрғын көзі көрмейтін жандарға музыканы «оқуға» көмектеседі

Әйел музыка ноталарын Брайль қарпіне аударады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана «Домисоль» атты бірегей жобаны жүзеге асыруда.

83 жастағы Жеңісгүл Садықова Жәмилә Жигомпармен бірге музыкалық ноталарды арнайы трафарет арқылы қағазды тесіп, бедерлі нүктелі тактильді шрифт шығарады. Осылайша олар зағиптарға музыканы үйренуге көмектеседі, өйткені көру қабілеті нашар адамдар арасында музыкалық бейімділігі бар жандар көп.

Кітапхананың меңгерушісі Жамал Кенжебекованың айтуынша, жобаны құру бастамасы Қостанайдан келген.

– Мүмкін, жобамыз тез дамып жатқан жоқ шығар, өйткені Жеңісгүл Садықованың жасы үлкен. Бірақ 2023 жылдан бері 20-дан астам шығарма дайын, – деді спикер.

Зағип музыканттар негізінен есте сақтау қабілетіне сүйенеді, сондықтан олар алдымен ноталарды оқып, есте сақтауы керек.

– Би әнінен гөрі халық әнін Брайль әліппесімен шығару оңайырақ. Жобаны бастағанда бір әнді бір-екі күн жаздық, ал қазір бір әнге 20-30 минут кетеді, – дейді Жәмилә Жигомпар.

Кітапхана меңгерушісінің айтуынша, қорда жетпіс мыңнан астам кітап бар. Оның ішінде жеті мыңға жуығы Брайль қарпімен басылған.

Зағип жандарға арналған қазақ әдебиеті аз болғандықтан, кітапхана аудиокітаптарды шығаруды жөн көрді. 28 шыққан аудиокітапты мәдениет басқармасының басшысы, қазақ драма театрының директоры, Бұқар жырау атындағы әдебиет мұражайының меңгерушісі және басқа да қамқор павлодарлықтар оқыған.

Фото: Константин Шелков