Павлодарлық еріктілер волейболдан бақ сынасады
                                    «Еріктілер рухы кубогы» турнирі «SportDrive» жобасы аясында өткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақта волонтерлер арасында волейболдан турнир өтеді. Дода өңірдің белсенді жастары арасында салауатты өмір салтын насихаттау және командалық рухты арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Турнирге облыс аумағындағы еріктілер ұйымдарының командалары қатыса алады. Әр команда алты адамнан тұруы тиіс, оның ішінде ер және әйел қатысушылар тең болуы қажет.
Өтініштер 4 қарашадан 24 қарашаға дейін қабылданады. Турнир 26 қараша күні өтеді.
– Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орын иегерлері кубок пен медальдармен марапатталады, ал қалған қатысушыларға сертификаттар табысталады, – деді Жастар бастамаларын дамыту орталығының фронт-офис және волонтерлік бөлімінің басшысы Айжан Қали.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнир еріктілердің белсенділігін арттырып қана қоймай, спорт арқылы жастарды біріктіруге де мүмкіндік береді.