Павлодарлық жас педагогтер республикада талантты ұстаздар деп танылды

Павлодарлық жас педагогтер республикада талантты ұстаздар деп танылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасының республикалық кезеңіне қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Алматы қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте олимпиаданың республикалық кезеңін өткізді.

Педагогикалық олимпиаданың негізгі мақсаты – жас педагог қызметкерлердіңшығармашылық әлеуетін және өзін-өзі дамыту үшін жағдай жасау, білім беру жүйесін жетілдіруге жас мұғалімдердің белсенді кәсіби көзқарасын қалыптастыру.

–  Өңірімізден еңбек өтілі 5 жылға дейінгі 8 жас маман өз тәжірибелерін ұсынды, – дейді қалалық білім басқармасының білім беруді дамытудың инновациялық орталығының әдіскері Нағима Жолдыбаева.

Қортынды бойынша IІ дәрежелі дипломды Мұхтар Әуезов атындағы мектебінің география пәнінің мұғалімі Анжелика Дударева, № 41 дене шынықтыру-сауықтыру бағытындағы жалпы орта білім беру бейіндік мектебінің география пәнінің мұғалімі Даниял Бәкен, Май ауданының Е. Мұқашев атындағы мектебінің тәлімгері Ғаламат Жанабек қоржынға байлады. IІІ дәрежелі дипломды Баянауыл ауданының Ш.Айманов атындағыжалпы орта білім беру мектеп-интернаты тәлімгері Айдана Шақырман иеленді.

–   Жас маман ретінде байқауға бірінші рет қатыстым. Дайындық 1 жыл көлемінде қызу түрде жүрді. Барлық педагогикалық тәжірибемді жинақтап, мүмкіндіктерімді көрсетуге тырыстым, – дейді Айдана Шақырман.

Аққулы ауданының Тілектес жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Анель Таласпай, Май ауданының Кеңтүбек ауылының Жалтыр жалпы орта білім беру мектебінің педагог-психологі Айгүл Сламбекова грамотамен марапатталды.

Қ. Мақпалеев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Нариман Бимурза, №41 дене шынықтыру-сауықтыру бағытындағы жалпы орта білім беру бейіндікмектебінің тарих пәнінің мұғалімі Нияз Ауталипов сертификат алды.