Тергеу жалғасуда: Павлодарлық жасөспірімдер онлайн режимінде оқиды

Тергеу жалғасуда: Павлодарлық жасөспірімдер онлайн режимінде оқиды
Фото: Константин Шелков

№9 ЖОББМ-нің 14 жастағы оқушысын ұрып-соғуға қатысты іс әлі сотқа берілген жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Наталья Покидованың айтуынша, құқық қорғау органдары, білім беру және прокуратура өкілдері облыс орталығының №9 және №29 ЖОББМ ата-аналарымен кездесу өткізген.

Ата-аналардың талаптарының бірі – 14 жастағы жасөспірімді ұрып-соғып, сыныптасын өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі деген күдіктілерді оқудан шығару немесе басқа мектепке ауыстыру.

– Біріншіден, бұл ретте кәмелетке толмағандар туралы сөз қозғалып отыр және олар қорғау құқығына ие, – деп атап өтті Наталья Покидова. – Екіншіден, олардың кінәсі әлі дәлелденбеген, тергеу шаралары жүріп жатыр. Үшіншіден, оларды оқу орнынан ауыстыруға немесе шығаруға біздің құқығымыз жоқ. Бұл мәселе басқа оқу орнына ауыстырумен немесе оқудан шығару арқылы шешілмейді.

Оның айтуынша, тергеу кезінде соттың шешімі бойынша үй қамақтағы жасөспірімдердің бірі колледжге бірінші курсқа қабылданған, екіншісі мектепте оқуын жалғастыруда.

Ата-аналарының жеке өтініші негізінде қамқоршылар кеңесі  қарағаннан кейін екеуі де қашықтықтан оқытуға ауыстырылды.

– Бұл істе құқықтық бағаны тек сот бере алады, – деп түйіндеді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Естеріңізге сала кетейік, «103» қызметіне шақыру 24 шілде күні кешке түскен. Учаскелік полиция пунктінен 200 метр қашықтықта Шөкин көшесінде жаппай төбелес болды. 14 жастағы жасөспірім зардап шегіп, облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Жаппай ұрып-соғу туралы іс Қылмыстық кодекстің 106-бабының бірінші бөлігі –  «ауыр дене жарақатын салу» және 194-бап  «бопсалау» бойынша қаралады. Барлығы бес күдікті. Екеуі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. Сотқа қамауға алу туралы өтініш жіберілді, бірақ сот оларды үй қамауында қалдыру туралы шешім қабылдады.

Істің тағы үш қатысушысынан қаладан шықпау туралы қолхат алынған. Сонымен қатар, дәл осы күдіктілер тағы бір қылмыстық іс – ұрып-соққан жасөспірімнің сыныптасын өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу бойынша тексеріледі. Екі үлкен жасөспірім он шақты куәгердің алдында мектеп оқушысын қорлаған. Осыдан кейін қыз өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Полиция оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтауда. 

Қылмыстық істі тергеуді облыс прокуратурасы, аймақ басшысы және ҚР Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, сондай-ақ бала құқықтары жөніндегі уәкіл бақылайды.