Павлодарлық жас зерттеушілер жүлдемен оралды
Байқау Щучинск қаласының «Щучинск» шипажайында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, қоғамдық-гуманитарлық «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурсының соңғы ХІХ республикалық кезеңіне Қазақстанның барлық облыстарынан 2-7-сыныптың 300-ден астам жас зерттеуші қатысты. Оның ішінде 19-ы – Павлодар облысынан, үшеуі – облыстық турдың жеңімпазы.
Зерттеу жұмыстарын қорғау ережесі жеті секция бойынша өтті: қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, тарих, өлкетану, этномәдениеттану, медицина, психология, экология, технология және өнер.
Екінші орынды «Орыс тілі мен әдебиеті» секциясы бойынша № 17 мектептің 7-сынып оқушысы Мерей Тұрсынова, ал «Технология және өнер» секциясында командалық жұмысы үшін № 14 мектептің 3-сынып оқушылары Матвей Жестовский мен Артем Сокрута иеленді.
Мерейдің зерттеу жұмысы цифрлық технологияларды – геймплейді (ойын процесі) қолданудың өзекті тақырыбына арналды, ол әдеби шығарманың көркемдік ерекшеліктері негізінде геймплей жасады.
– Мен қазақстандық танымал авторлар Зира Наурызбай, Лили Калаустың «Бату мен оның достарының Барсакелмес еліне саяхаты» кітабы бойынша геймификация тақырыбын зерттедім. Кітаптың көркемдік ерекшеліктерін зерттей отырып, геймплей тест режимінде тапсырманы орындай алдым, – дейді Мерей.
Ал қатысушылар Матвей мен Артем «Қосылыстар мен бұйымдарды дәнекерлеу» жұмысын таныстырды. Жұмыстың мақсаты – дәнекерлеу жабдықтарын қолдану салаларын зерттеу, қарапайым және күрделі қосылыстарды, бұйымдарды дәнекерлеуді үйрену. Зерттеу жұмысы барысында өте кең әрі перспективалы тұжырымдар алынды. Ол экономикалық және экологиялық артықшылықтарға ие, техникалық ақыл-ойды дамытатын жоба ретінде танылды.