Павлодарлық жоғары оқу орны 35 жылдығын ғылыми конференциямен атап өтті
Форум халықаралық форматта өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Инновациялық Еуразия университетінде оқу орнының 35 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция басталды. Іс-шараға оқытушылар, ғалымдар, сарапшылар мен студенттер қатысып, ғылым мен білім берудің өзекті мәселелерін талқылауға, тәжірибе алмасуға және кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік алды.
Конференция жұмысын ИнЕУ-дің академиялық жұмыс жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының кандидаты Петр Быков ашты. Қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде ол мұндай кездесулердің жас зерттеушілер үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Өз ойыңды ортаға салу, ұстанымыңды дәлелдеу, идеяларың мен көзқарастарыңның негізділігін көрсете білу – үнемі дамытуды қажет ететін маңызды дағдылар. Бүгін әрқайсыңыз өз жұмыстарыңызды лайықты таныстырып, көкейлеріңіздегі сұрақтарға жауап ала аласыздар деп сенемін, – деді Петр Быков. Сондай-ақ ол жиналғандарды конференцияның басталуымен және университеттің мерейтойымен құттықтады.

Конференция қонақтарының бірі – әлемнің әртүрлі елдеріндегі кәсіпорындарға, университеттер мен білім беру ұйымдарына тегін сарапшылық қолдау көрсететін Германияның Senior Expert Service (SES) ұйымының сарапшысы Ян Ниссен болды. Ол ИнЕУ-мен танысу барысында алған әсерімен бөлісіп, халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы айтып, қазақстандық білім беру ұйымдарымен алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге қызығушылық білдірді.
– Университетте болған уақытымда бірнеше дәріс пен сабаққа қатысып, оқытушылар мен студенттердің қалай жұмыс істейтінін көрдім. Бұл – әлеуеті зор, өте қызықты оқу орны. Менің ойымша, ынтымақтастықты дамытуымыз қажет. Қазақстан – Еуропа үшін маңызды серіктес әрі үлкен нарық, – деп атап өтті неміс сарапшысы.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Жүсіпбек Аймауытов атындағы этнопедагогика және білім берудің инновациялық технологиялары ғылыми-практикалық орталығының директоры Еңлік Жұматаеваның баяндамасы да мазмұндылығымен және әсерлілігімен ерекшеленді. Ол қазіргі педагогикалық психологияның мәселелеріне тоқталып, бұл саланың күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтты.

Ғалымның пікірінше, өзін маман ретінде таныстыратын жалған психологтар мен алаяқтардың көбеюі қоғамның психология ғылымына деген сеніміне едәуір нұқсан келтірген. Ал ғылымның беделін қалпына келтіру үшін кәсіби қауымдастықтың бірлескен әрі жүйелі жұмысы қажет.
– Біздің ортақ мақсатымыз – адал, парасатты адамдарды тәрбиелеу. Әділетті Қазақстанды құру да осыдан басталады. Ол үшін күш біріктіруіміз керек. Осындай мінберде сөз сөйлеуге мүмкіндік берген ИнЕУ-ге алғысымды білдіремін. Біз бірлесе жұмыс істеуіміз қажет, – деді Еңлік Жұматаева.
Профессор отандық педагогикалық мұраға ұқыпты қараудың қажеттілігіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, кеңестік кезеңдегі тәжірибені тұтастай ескірген деп жариялап, жоққа шығаруға болмайды. Өйткені сол кезеңнің педагогикасында кибернетика мен таксономия әдістерін қоса алғанда, маңызды ғылыми тәсілдер қолданылған.
Қазіргі үрдістер туралы сөз қозғаған ғалым іргелі теориялық білімге нұқсан келтіре отырып, практикалық дағдыларға шамадан тыс басымдық беріліп жүргеніне, сондай-ақ жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы төмендегеніне алаңдаушылық білдірді.
– Біз кітап оқуды қойдық, барған сайын жасанды интеллектінің көмегіне жүгінеміз. Алайда оның «миы» әлі де жеткілікті біліммен толыға қойған жоқ. Оны біліммен толықтыру – сіздердің, жас ұрпақтың міндеті. Бұған қаншалықты жауапкершілікпен қарайтындарыңыз біздің болашағымызға тікелей әсер етеді, – деп студенттерге үн қатты ол.
Конференция барысында Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті мен Ресей Федерациясының Тува мемлекеттік университетінен келген ғалымдар мен ғылыми қауымдастық өкілдері де баяндама жасады. Қатысушылар өз зерттеулерінің нәтижелерін таныстырып, пікір алмасты және алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.