Павлодарлық зияткерлер алюминийдің өндіру үдерісін өз көзімен көрді

Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-11-сынып оқушылары кәсіби бағдар беру мақсатында еліміздегі ең ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі – «Қазақстан алюминийі» АҚ-на экскурсия жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сапар шикізатты дайындау цехынан басталды. Мұнда оқушылар боксит, әктас, көмір және антрациттің өңделу үдерісін өз көздерімен көріп, өндіріс технологиясымен танысты. Балалар алып рельсті экскаватордың – отвал қалыптастырғыштың жұмысын қызығушылықпен бақылады. Бұл техника шикізатты қоймаларға жинап, кейін өндірістік цехтарға жеткізеді.
Сонымен қатар оқушылар кеніште қолданылатын арнайы техникалармен, оның ішінде Komatsu самосвалдары мен Liebherr бульдозерлерімен танысты.
Экскурсия барысында оқушылар гидрометаллургиялық цехқа да барды. Мұнда олар глиноземнен алюминий өндірудің кезеңдерін көріп, күрделі технологиялық процестің негіздерімен танысты.
– Ең есте қалғаны – алып пештер. Жылу мен жарықтан лаваға өте жақын тұрғандай боласың. Алюминий өндірудің орасан зор ресурстарды қажет ететінін түсіндім – өте жоғары температура мен көп мөлшердегі электр энергиясы қажет. Машиналардың, желдеткіштердің гуілі мен ыстық металдың химиялық иісі ерекше әсер қалдырды. Енді тіпті кәдімгі алюминий банканың өзіне қанша еңбек пен технология кететінін жақсырақ түсіндім, – дейді 10-сынып оқушысы Арлан Кәленов.
Мектеп өкілдерінің айтуынша, кәсіби бағдар жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Оқушылар мен ата-аналарға жеке кеңестер ұйымдастырылады, жоғары оқу орындары өкілдерімен және мектеп түлектерімен кездесулер өтеді.
Дәстүрлі іс-шаралардың қатарында «Даналық бейсенбі», «Мамандықтар жәрмеңкесі», «CIS жоғары оқу орындары жәрмеңкесі», «Samgau» түлектер форумы бар.
Бұдан бөлек, жоғары сынып оқушылары облыстық басқармалар мен ұйымдарда кәсіби тағылымдамадан өтеді. Бұл тәжірибе оқушыларға болашақ мамандығын саналы таңдауға және еңбек жағдайын нақты өмірде көруге мүмкіндік береді.