Павлодарлықтарға қан доноры болу үшін нені білу қажет?

Павлодарлықтарға қан доноры болу үшін нені білу қажет?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

@Pavlodarnews.kz тілшісі кімдер, қалай, қайда қан тапсырып, донациялау алдында нені ескеру керектігін білікті дәрігерден сұрастырып білді.  

Облыстық қан орталығы донорларды жинақтау бөлімшесінің меңгерушісі, бірінші біліктілік санатындағы дәрігер-терапевт Алма Исабекованың сөзінше, өңірде донорлар ақысыз түрде қан тапсырады.

– 18 жастан асқан дені сау қан тапсыруға ерікті тілек білдірген кез келген адам донор бола алады. Азаматтың салмағы 50 келіден кем болмауы тиіс, – деді Алма Исабекова. 

Десе де, донор болу үшін бірқатар талаптар мен қарама-қайшылықтар бар. 

– Операциялық араласудан кейін қандай да бір ағзаны алып тастау, инфекциялық аурулар: В және С гепатиті, АИТВ-инфекциясы, ЖИТС, сифилис, туберкулез (барлық түрлері) кезінде қан тапсыру тыйым салынады, – деді дәрігер. 

Ал, тұмау, ЖРВИ ауырып шыққан, вакцина алған адамдар 14 күннен кейін қан тапсыра алады. 

– Ең алдымен донор болғысы келетін тұрғын тіркеу бөліміне келеді. Ол жерде азаматтың жеке басы анықталып, арнайы донорлық база арқылы онкологиялық және тубдиспансерде есепте тұрғаны тексеріледі. Содан кейін медициналық анализдер тапсырылады. Бұл әлеуетті донордың қан тобы мен резус фактор, гемоглобин, АЛТ және Ке11 антиген анықтау үшін керек,– деп атап өтті Алма Исабекова. 

Ер адамда гемоглобин 130-дан, ал әйелдерде 120-дан төмен болмауы шарт. Барлық анализдер таңғы сағат 8:30-нан 13:00-ге дейін тапсырылады. Түстен кейін қан талдаулары жүргізіледі. 

Одан кейін терапевт дәрігер донордың дене қызуын, артериялық қан қысымын өлшеп, құпия түрде әңгіме жүргізіп, қан тапсыру тәртібі туралы айтады. Лабороторлық және терапевттің оң көрсеткіштерінен адамды донациялауға жіберу не жібермеу туралы шешім қабылданады. 

– Күре тамырдан қан 450 мл мөлшерде алынады. Бұл донорлыққа қан тапсыру үшін әр адамға шектелген норма болып саналады. Қан алынғаннан кейін екі сағаттай таңғышты шешуге болмайды. Донор сол күнге жұмыстан босатылады. Сондай-ақ, тағы бір демалыс күнін кез келген күнде алуға мүмкіндігі бар. Алайда осы жеңілдікпен бір жыл ішінде пайдаланып қалуға болады,– деді спикер.

Адамдар бір жыл ішінде бірнеше рет қан тапсыра алады: ерлер – 6 рет, әйелдер – 5 рет. Алынған қан мұздатқыштарда сақталады, ал инфекциясы расталған қан утилизацияға кетеді. 

Былтыр 15 мың адам донор болуға ниет білдірді. Оның ішінде 12 242 адам донациялаудан өтіп, қан тапсырды. Ал 9891 адам нақты донор болды. Облыстық қан орталығы күнделікті 20-ға жуық медициналық ұйымды қанмен қамтамасыз етіп отырады. Бір донор екі адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.