Павлодар облысында туберкулезге шалдығу айтарлықтай азайды

Павлодар облысында туберкулезге шалдығу айтарлықтай азайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде биыл 141 жаңа жағдай тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

2025 жылдың алғашқы алты айында Павлодар облысында туберкулезге шалдығу көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,6 пайызға азайды. Бұл туралы облыстың штаттан тыс бас фтизиатры, облыстық фтизиопульмонология орталығының орынбасары Ризвангүл Смағұлова мәлім етті.

Оның айтуынша, биыл 141 жаңа жағдай тіркелген. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24 адамға аз. 100 мың тұрғынға шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші 18,7 пайызды құрап отыр (2024 жылы 21,9 пайыз болды).

– Туберкулездің таралу көрсеткіші де төмендеді. Биыл бұл көрсеткіш 23,5 пайызды құрады. Былтырғы көрсеткіш – 30,3 болған еді, – деді Ризвангүл Смағұлова. – Соңғы бес жылда өңірде туберкулезден болатын өлім көрсеткіші 57 пайызға қысқарған. Қазір өңірде ең ауыр түрімен бар болғаны үш науқас ем алып жатыр. Бұл он жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда тоғыз есе төмен.

Маман туберкулезді ерте анықтау үшін облыста заманауи диагностикалық технологиялар қолданылатынын атап өтті. Атап айтқанда, бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде Gene-Xpert аппараты арқылы ПТР-диагностика қолжетімді. Қазіргі таңда өңірде мұндай сегіз аппарат жұмыс істейді.

– Осы аппараттар арқылы 2025 жылдың алты айында 186 адамнан туберкулез анықталды. Бұл әдістің тиімділігі – 6,5 пайыз, – дейді Ризвангүл Смағұлова. –Сондай-ақ, жарты жылда қауіп тобына кіретін 96 475 адам флюорографиялық скринингтен өтіп, 77 адамнан туберкулез анықталған.

Спикердің мәліметінше, қазіргі уақытта амбулаториялық емдеуде 265 пациент бар, оның ішінде 82 адам емін бейнебақылау арқылы жалғастыруда. Бұл тәсіл науқас үшін де, дәрігер үшін де тиімді.