Павлодар облысында инфаркт алған екі тұрғын әуе көлігімен жеткізілді
Демалыс күндері медавиация үш науқасты тасымалдаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Соңғы үш тәулікте облыстық жедел жәрдем станциясының бөлімшесінде жеті өтінім пысықталды. Олардың әрқайсысын орындауға 2-ден 4 сағатқа дейін уақыт жұмсалды.
– Өңірлік медициналық авиация қызметіне алғашқы өтінім Баянауыл аудандық ауруханасынан түсті. Инфаркт алған 72 жастағы ер адамға Павлодарға тез арада жету қажет болды. Ол тікұшақпен Павлодардағы облыстық кардиоорталыққа жатқызылды, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясында.
Осындай диагнозы бар тағы бір науқас Ақтоғай ауданынан медавиациямен тасымалданды. Реанимобильмен 57 жастағы ер адам да кардиохирургиялық орталыққа жеткізілді.
Медициналық авиация бригадасы Ақсуға 22 жастағы босанған әйелді тасымалдау үшін барды. Босанғаннан кейін асқынулар пайда болған, сондықтан оны облыстық орталыққа мамандардың бақылауына тапсыру туралы шешім қабылданды. Науқас жер үсті көлігімен №1 Павлодар қалалық ауруханасына жеткізілді.
29 маусымда Екібастұздан пациенттерді тасымалдау үшін медавиация қызметкерлері әуе көлігін екі рет пайдаланды. Бірінші жағдайда дәрігерлер Павлодарға тыныс алудың бұзылу синдромы диагнозы қойылған жаңа туған баланы жеткізді. Екінші жағдайда жедел бүйрек жеткіліксіздігі және басқа да қатар жүретін аурулары бар 40 жастағы ер адамды жедел тасымалдау қажет болды. Науқас №1 Павлодар қалалық ауруханасына жатқызылды.
30 маусымда бірден екі медициналық авиация тобы Баянауылға жіберілді. Гинекологиялық топ мерзімінен бұрын босанған 29 жастағы науқасқа тікұшақпен аудандық ауруханаға барды.
Айта кету керек, маусым айында өңірлік медициналық авиацияда барлығы 38 өтінім пысықталды. 19 өтінімді әуе көлігімен, тағы 19 өтінімді автокөлікпен орындады.