Павлодарлықтар қос мерекенің куәсі болды

Мереке орталық стадионда өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Матч басталмастан стадион жол апатында көз жұмған Павлодар футболының түлегі, жаттықтырушы Әлібек Жүсіповті бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Қазақстан футболы күні Бірінші лиганың үшінші турында «Ертіс» өз алаңында алматылық «Қайрат-Жастар» командасын қабылдады. Оңтүстік астаналық футболшылардың талантын ескерсек, кездесу қиын болатыны күтілген еді. Алайда павлодарлық команданың жұмысын қарсыластарының өздері күтпеген жерден жеңілдетті.
Үшінші минутта-ақ «Қайрат-Жастар» қорғаушысы Адлан Нұрғалиев қарапайым жағдайда допты қақпашыға беруді жөн көрді. Доптың жолын «Ертістің» шабуылшысы Арман Смайылов кесіп, қақпашыны алдап өтіп, допты бос қақпаға домалатты. Көп ұзамай есептегі басымдыққа ие болған павлодарлықтар қарқынды бәсеңдетті.
Ойын тізгінін уақытша иемденген «Қайрат» жастары павлодарлықтардың қорғаныс шебін қысымға алды. Кейде шабуылдары аса қауіпті болды, бірақ уақыт өте келе жас жігіттердің өткірлігі мен шабуылға деген құлшынысы сейілді: «Ертіс» бапкері Қайрат Нұрдәулетовтің есебі мен павлодарлық ойыншылардың тәжірибесі өз жемісін берді. Тайм ортасына таман бес дүркін чемпион жойқын қарсы шабуылдармен жауап бере бастады. Максим Федин мен Владимир Воменко қатысқан әдемі комбинациядан кейін Арман Смайылов бос қақпаны дәлдей алмады.
Максим Фединнің жақсы ойынын атап өткен жөн, ол павлодарлық клубқа неліктен шақырылғанын таныта бастады. Арман Смайылов өткір шабуыл өтінде сауатты ойнады, ал Мирам Кикбаев шабуылдарды жылдамдата білді. Ойынның екінші жартысында матч сол сценарий бойынша жалғасты. Кейде Никита Калмыковтың қақпасына шындап қауіп төндіретін алматылықтардың барлық талпыныстарына қарамастан, жалпы «Ертіс» кездесуді сенімді түрде жеңіске жеткізді.
Бірінші лиганың көшбасшылары сол қалпында қалды: бірінші – «Ертіс», екінші — «Каспий», үшінші — «Шахтер». Үш команданың да тоғыз ұпайы бар. Келесі турда павлодарлықтар Қарағандыда «Шахтермен» кездеседі. Ойын 1 мамырға жоспарланған.