Павлодарлық би студиясы Ташкенттен жүлдемен оралды

Павлодарлық би студиясы  Ташкенттен жүлдемен оралды
Фото: Оқушылар сарайы ұсынды

Байқау бүкіл әлемнен бишілер мен би сүйер қауымды жинады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Ташкент қаласында өткен «I LOVE to DANCE» халықаралық хореографиялық байқауында М. Катаев атындағы Оқушылар сарайының «Жұлдыздар» қазіргі заманғы би студиясы  қатысты. 

Шара Астана қаласындағы «CREATIVE FEST» халықаралық шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен, Астана қаласының мәдениет департаменті мен Алматы қаласындағы Қазақстанның «ART-DANCE» би порталының қолдауымен өтті. 

«Жұлдыздар» студиясы эстрадалық би, халықтық би және заманауи би номинацияларында өнер көрсетті. Қатысушылар екі жас категориясында – 9-12 жас және 13-16 жас аралығында жарысқа түсті. Бұл әрбір қатысушыға өздерінің ең үздік қасиеттерін көрсетуге және шығармашылық қабілеттерін халықаралық сахнада көрсетуге мүмкіндік берді. 

«Жұлдыздар» қазіргі заманғы би студиясы  өздерінің кәсібилігі мен жарқын өнерлерін көрсетіп, жоғары баға алды. Студия жетекшісі Анжела Тактаулова талантты бишілерді тәрбиелеп, студияның дамуына қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталды.

Бұл байқау әрбір қатысушы үшін тек жаңа жетістік емес, «Жұлдыздар» студиясының халықаралық аренада Қазақстанның би өнерін жоғары деңгейде ұсынуына тағы бір қадам болды.

Студияның би тобы әр жаңа жеңісімен дамып, жаңа шыңдарға жетуде. Алда бізді жаңа байқаулар, фестивальдер мен шығармашылық жобалар күтуде. Студияның болашаққа арналған жоспарлары өте амбициозды және олар би сахналарын Қазақстанда ғана емес, шетелде де бағындыруды мақсат етеді, – дейді Анжела Тактаулова.

Аталған шара мәдени байланыстарды нығайту мен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ жастар арасындағы шығармашылық бастамаларды қолдауға үлкен үлес қосып, маңызды оқиғаға айналды.  

Нәтижесінде  жоғарғы топ, «Ақ баян» биімен, жоғарғы және орта топтар, «Афроритмы» аралас биімен Бас жүлдені жеңіп алды.  Жоғарғы топ «Пробуждение» биімен, орта топ «Арлекино» биімен және орта топ «Қызғалдақтар» биімен бірінші орынды иеленді. 

Әрбір қатысушы дипломдар, кубоктар және медальдармен марапатталды.