Павлодарлықтар алғашқы көмек дағдыларын тегін меңгере алады

Павлодарлықтар алғашқы көмек дағдыларын тегін меңгере алады
Фото: pixabay.com/manseok_Kim

Шеберлік сабақтарын тәжірибелі мамандар өткізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде жыл сайын 28 сәуірде аталып өтетін Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне орай айлық басталды. Павлодар облыстық Қызыл Ай филиалы сәуір айының әр сенбісінде павлодарлықтарға арналған шеберлік сабақтарын ұйымдастырады.

Қазақстан Республикасының Қызыл Ай қоғамының алғашқы көмек инструкторы Айгүл Омарованың айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты – халықтың алғашқы көмек дағдыларының маңыздылығына назар аударту.

– Төтенше жағдай кез келген жерде болуы мүмкін: өндірісте, үйде, демалыста немесе қоғамдық орында. Сабақтарда қарапайым құралдарды пайдалана отырып көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді, бұл дағдыларды әркімге қолжетімді етеді, – дейді Айгүл Омарова.

Қатысушылар саны шектелмейді. Қалаушылар көп болған жағдайда сабақтар бірнеше топта қатар өткізіледі. Оқытуды сертификатталған нұсқаушылар  және бір жаттықтырушы жүргізеді.

Шеберлік сабақтарының басты ерекшелігі – тәжірибеге негізделген формат. Сабақтар «20% теория – 80% тәжірибе» қағидасы бойынша өтеді. Қатысушылар манекендерде және үлгіленген жағдайларда дағдыларды пысықтап, білімді бекітеді.

Нұсқаушылар сабақ барысында үйретілетін негізгі 5 дағдыны атап өтті:

* алғашқы көмек көрсету алгоритмі – әрекеттердің реті;

* ес-түссіз күйдегі адамға көмек – қалпына келтіру қалпы;

* тыныс алу болмаған жағдайда – жүрек-өкпе реанимациясы;

* қатты қан кетуді тоқтату – қысым таңғышын салу;

* тыныс жолдарының бітелуінде көмек көрсету.

– Алғашқы көмек білімдері адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Біз павлодарлықтарды айлыққа белсенді қатысуға шақырамыз, – деді Айгүл Омарова.

Оқыту әр сенбі сайын сағат 12:00-де Азаматтық альянс үйінде (Лермонтов көшесі, 44) өтеді.