Павлодарлықтар балаларын тегін үйірмелер мен секцияларға қалай жаздыра алады

Павлодарлықтар балаларын тегін үйірмелер мен секцияларға қалай жаздыра алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жаңа платформа балалардың жан-жақты дамуына тиімді әрі ыңғайлы мүмкіндік ұсынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Жігер» балалар-жасөспірімдер клубының мәліметінше, бұл жоба ArtSport немесе DamuBala платформаларына қатысы жоқ.

– Сізге ұсынылып отырған – Mindal24.kz платформасы. Бұл сайтта балаңыз үшін қалаған үйірмені немесе секцияны таңдап, сабақтарға бірден қатысу мүмкіндігі қарастырылған, – деді клубтың баспасөз қызметі.

Мамандардың айтуынша, тіркелу үшін алдымен баланың фотосуретін дайындап, ed24.kz мобильді қосымшасын жүктеп алу қажет. Қажетті хабарламалар мен растау кодтары дәл осы қосымша арқылы келеді. Сондай-ақ eGov mobile қосымшасы арқылы 027-У медициналық анықтамасын алу керек.

Келесі қадам – Mindal24.kz сайтына кіріп, өз қалаңызды таңдау. Карта немесе тізім арқылы балаға сай үйірме не секцияны таңдап, «Жазылу» батырмасын басу қажет. Ашылған өтініш формасын толтырып, жеке деректер мен медициналық анықтаманы тіркеу керек.

Барлық мәліметтер дұрыс енгізілген жағдайда ed24.kz қосымшасына растау хабарламасы келеді және сайтта «Өтініш сәтті берілді» деген жазу шығады.