Павлодарлықтар ПИК жұмысына шағымданды

Павлодарлықтар ПИК жұмысына шағымданды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тұрғындар көпқабатты үйді күтіп ұстау мен қоғамдық тәртіпке қатысты мәселелерді көтерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс орталығындағы Қамзин көшесі, 8-үйдің тұрғындары кәріз суының пәтерге жайылғанына қарамастан, ПИК қызметкерлерінің шақыртуға келмегеніне шағымданды. Оның айтуынша, үйде жертөле болмағандықтан, кәріз суы бірден пәтерге кіреді.

Тұрғындардың өтініші негізінде аталмыш мекенжайға арнайы барған қала әкімі Хасар Хабылбеков «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, тұрғындар қызмет көрсететін ұйымды өздері таңдай алатынын айтты.

– Егер қызмет көрсетуші ұйымның жұмысына көңіл толмаса, тұрғындар жалпы жиналыс өткізіп, хаттамалық шешім арқылы оны ауыстыра алады. Кейін бұл шешім тұрғын үй инспекциясына жолданады. Демалыс күндері хабарландыру ілініп, жалпы жиналыс өткізіледі. Соның нәтижесінде ПИК-ті ауыстырып, басқа қызмет көрсетуші ұйымды тартуға болады, – деді шаһар басшысы.

Кездесу барысында тұрғындар тағы бір мәселені көтерді. Олардың айтуынша, жақында орнатылған спорт алаңының маңына түнгі уақытта адамдар жиналып, тыныштықты жиі бұзады.

Хасар Хабылбеков бұл мәселенің де оң шешімін ұсынды. Тәртіп сақшыларына мәселені бақылауға алуды тапсырып, аумаққа бейнебақылау камерасын орнатып, оны учаскелік полиция пунктіне қосуды тапсырды.