Баянауылда шолу алаңы салынады
Туристер үшін жаңа фотоаймақ пайда болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов Баянауыл ауданына барған жұмыс сапары кезінде инфрақұрылымдық жобалармен танысты. Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бақытжан Әлімғазиновтың айтуынша, Сабындыкөл көлінің жағажай аймағына кіре берісте шолу алаңы салынбақ. Жоба құны 123,6 миллион теңгені құрайды. Ені – 6 метр, биіктігі – 8 метр және жалпы ұзындығы – 7 метрлік шолу аймағынан ауылдық жер, дене шынықтыру сауықтыру кешені мен жағажай көрінетін болады. Шолу аймағының ар жағында «Baianauyl» деген жазба орнатылады.
– Құрылымдары берік, металдан жасалған. Яғни, таста бұрғылау, қатты монолитті құрылым бекіту қарастырылады. Үстінде ағаштан жасалған шамдармен жарықтандырылған аймақ болады,– деді спикер.
Асайын Байханов туристер мен демалушылардың қамын ойлап, мердігерлерге гаджеттерді қуаттандыруға жағдай жасау бойынша ұсынысты назарға алуды ұсынды.
Бұдан бөлек Сабындыкөлдің өзінде бірталай өзгерістер күтілуде. Көлдің жағасы толықтай абаттандырылады.
– Киім ауыстыратын жер, душ, волейбол алаңы, фудкорт, құтқару мұнаралары, шезлонгтар, екі шетінен көлік тұрағы салынады, – деді Бақытжан Әлімғазинов.
Жалпы екі киім ауыстыратын орын болады. Облыс әкімі олардың саны жеткіліксіз болатынын айтып, киім ауыстыратын жерді ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды.
– Тек қана Жасыбайдың көліне ауыртпашылық түсірмеу үшін Сабындыкөлдің де жағасын абаттандыру керек. Павлодарда орталық жағажайдағыдай болу қажет, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Жоба бойынша ағаштан жасалған жүрек тәріздес аркалар, балаларға арналған ойын алаңы, мүмкіндігі шектеулі жандардың суға түсуіне қолайлы болу үшін пандус орнатылады. Құрылыс жұмыстары жеті айға созылады деп көзделуде.