Павлодарлықтар тарихтың ақтаңдақ беттерін еске алды

Павлодарлықтар тарихтың ақтаңдақ беттерін еске алды
Фото: автор

Облыс орталығында Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына арналған жиын өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Тарихтың шерлі шежіресі: Әлихан тағылымы және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» атты іс-шара өтті. Жиында ХХ ғасырдағы ашаршылық, саяси қуғын-сүргін және Алаш қайраткерлерінің мұрасы сөз болды.

Саяси қуғын-сүргін жылдарында Павлодар өңірінен бес мыңға жуық тұрғын зардап шеккен. Оның екі жарым мыңға жуығы лагерьлерге жіберілсе, 900-ден астам адам ату жазасына кесілген. Қазіргі уақытта жазықсыз азаматтарды ақтау жұмыстары жалғасып жатыр. Павлодар облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия төрт мыңға жуық жерлесіміздің есімін анықтаған.

Биыл Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толып отыр. Жиында оның мемлекетшіл тұлғасы, ғылыми еңбектері мен ұлт тәуелсіздігі жолындағы күресі кеңінен насихатталды. 

Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Айман Зейнулина өткен тарихты жаңғыртудың маңызын атап өтті.

Әлихан Бөкейхан – қазақ мемлекеттілігінің төлқұжатын жасаған тұлға. Ол қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын әлемге танытқан энциклопедист ғалым болды. Осындай тұлғалардан кеңестік жүйе қорықты. Бірнеше жыл бұрын Мәскеудегі Дон зиратына барып, Әлихан Бөкейханның жатқан жерін көрдік. Сол жерде қабірдің басына жазылған «Ей, қазақтың баласы, маған да бір қарашы» деген сөзі жүрегіме өшпестей әсер қалдырды, – деді профессор.

Тіл маманының айтуынша, қуғын-сүргін тақырыбы толық зерттеліп болған жоқ. Әлі күнге дейін атылған ишан-молдалардың, ауыл мұғалімдерінің, Алаш қозғалысына қатысқан қарапайым азаматтардың есімдері анықталып жатыр.

Қаншама мешіт жағылды, қаншама адам «байдың тұқымы» деген жаламен атылды. Бір уыс бидай үшін сотталғандар болды. Бұл – әлі толық ашылмаған тарих, – деді Айман Зейнулина.

Ғалым бүгінде Ертіс-Баян өңірінде мұрағаттық зерттеулер жалғасып жатқанын айтты. Қорымдар зерттеліп, жасырылған құрандар мен араб қарпіндегі қолжазбалар табылып жатыр. Сонымен қатар, қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Жиынға өңірдің ғалымдары, өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері мен музей қызметкерлері қатысты. Кездесуде өткен тарихты бүгінгі ұрпаққа жеткізу, Алаш мұрасын насихаттау және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері көтерілді.

Айта кетсек, кеше Павлодарда Алаш зиялыларының мұрасын насихаттауға арналған танымдық кабинет ашылды.

Еске сала кетейік, Павлодар облысының саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиясы 2021 жылдан бастап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. 2022 жылы атқарған қызметінің негізгі нәтижесі ретінде саяси қуғын-сүргін тарихына арналған материалдар мен құжаттардың 31 томдық жинағына «Павлодар өңіріндегі саяси репрессиялар: халық трагедиясы» атты материалдар мен мұрағаттық деректер жинағы (17 том) енгізілді және басып шығарылды.