Павлодарда ұлт зиялыларына арналған танымдық кабинет ашылды
Жаңа кабинетте тарих, философия, қоғамтану бағытындағы материалдар жинақталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы Жоғары электроника және коммуникациялар колледжінде ұлттық тарих пен руханиятқа арналған жаңа кабинет салтанатты түрде ашылды. Жоба қазақ зиялыларының мұрасын насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында жүзеге асырылды.
Іс-шара барысында колледж директоры Марат Нығметов жаңа кабинеттің маңыздылығына тоқталып, оның жастардың тарихи санасын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
– Жастайымыздан Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Әлихан Бөкейханның, Жүсіпбек Аймауытовтың еңбектерін оқып өстік. Осындай тұлғаларға арнайы кабинет арналса деген ой көптен бері көкейімізде жүрген еді. Соның нәтижесінде бұл бастама жүзеге асты, – деді ол.

Директордың айтуынша, жобаны жүзеге асыруға демеушілер қолдау көрсеткен. Банк өкілдері кабинет интерьерін безендіруге, жарықтандыру мен техникалық жабдықтауға қаржылай көмек берген. Сонымен қатар колледждің конференц-залына LED-панель орнатылыпты.
Жаңа кабинетте тарих, философия, қоғамтану бағытындағы материалдар жинақталған. Мұнда Алаш қайраткерлерінің, қазақ зиялыларының әлі толық зерттелмеген еңбектері де қамтылған.
– Бұл – ата-бабаларымыздың ел болашағы үшін атқарған еңбегіне деген тағзым. Біз олардың күресін жалғастырып, қазақ елінің мәртебесін көтеруге үлес қосуымыз керек. Жастар осы кабинетке келіп, тарихқа қызығушылық танытады деп сенеміз, – деді Марат Нығметов.

Колледж ұжымы кабинет дизайнын әзірлеуге де ерекше мән берген. Жоба авторларының айтуынша, бөлменің түс гаммасы мен атмосферасы тарихи таным мен рухани тереңдікке сай таңдалған.
Айта кетейік, бұған дейін колледжде Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың, оқу орнының көпжылдық директоры Валерий Кабурнеевтің, сондай-ақ колледж негізін қалаушы, Павлодар облысының құрметті азаматы Әбі Сарқыншақовтың есімдерін иеленген кабинеттер ашылған болатын.
Білім ордасында мұндай бастамалар арқылы жастар арасында патриотизмді, мамандыққа адалдықты және жауапкершілік құндылықтарын насихаттау көзделіп отыр.