Павлодарлықтар қазақ тілін тегін үйрене алады
«Ана тілі» орталығында барлық санаттағы азаматтар үшін қазақ тілін тегін оқыту курстары басталды, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, жыл сайын Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асыру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында тегін қазақ тілі курстары өткізіледі.
Курстың мақсаты тыңдаушыларды қазақ тілінде жиі кездесетін сөздерді қолдана отырып, еркін және дұрыс сөйлеуге үйрету, сондай-ақ қазақ тілінің орфографиялық, фонетикалық, морфологиялық, лексикалық нормаларын меңгерту болып табылады.
– Оқыту барысында тыңдаушылар күнделікті өмірде кездесетін қарапайым қарым-қатынас фразаларын қолдануды, қарапайым мәтіндерді аударуды, жай сөйлемдерді құрастыруды үйренеді. Аталған тегін курстармен 120 тыңдаушыны қамту жоспарланған. Курстың соңында тыңдаушыларға сертификаттар табысталады, – дейді басқармада.
Облысымыздың қала, аудандарында қазақ тілін тегін оқыту курстары бойынша 1097 адам оқытылды. Сонымен қатар мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған «Тіл керуені» жобасы, қызмет көрсету өкілдеріне арналған тілдік «Start up», «Қазақ тілі онлайн курсы» атты жобалар іске асырылуда.
61-84-88 телефоны арқылы тегін қазақ тілі курстарына жазылуға және қосымша ақпарат алуға болады.