Павлодарлықтар тегін протездерді қайдан ала алады?
Ол үшін тек құжаттар тізімін жинау керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2022 жылдан бастап «Мedicare International» ЖШС «Қазақстан халқына» ҚҚ-мен жасалған келісімді жүзеге асыру аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға протездерді тегін жасап шығарумен айналысады. Қаржыландыру «Қазақстан халқы» қоғамдық қоры есебінен жүргізіліп жатыр.
Протездік-ортопедиялық бұйымдарды тек 29 жасқа дейін жастар мен балалар ғана ала алады. Аяқ импланты 1 жастан 29 жасқа дейін, ал қол импланттары 16 жастан 29 жасқа дейін жасалады. Протездерді электроника, карбон, углепластик, пневматика, гидравликаны қолдап жасайды.
Протезге өтінімді «Қазақстан халқына» сайтында беруге болады. Сол үшін қажетті құжаттарды жинау керек:
- Жеке оңалту картасынан көшірме;
- Мүгедектік туралы анықтама;
- Туу туралы куәлік немесе жеке куәлік;
- Қамқоршының анықтамасы,
- Электрондық сандық қолтаңба.
«Мedicare International» ЖШС мамандары өтініш бергендердің барлығына қоңырау шалып, имплант алу үшін Алматыға шақырып, жол ақысын өзі төлейді. Қажетті имплантантты алғаннан кейін науқас ауруханада біраз уақыт өткізеді, онда оған жаңа аяқ-қолдарды қолдануға үйретеді.
«Мedicare International» ЖШС бас маманы Индира Тұрсынбекованың айтуынша, Қазақстан бойынша осс көмекке жыл сайын жүзден астам адам жүгінеді.
– Павлодар облысынан жылына орта есеппен 3-4 адам жүгінеді, негізінен ересектер, – дейді маман. – Ең кіші науқасымыз Оралдан келген. Имплантантты таңдау кезінде ол 1,3 айлық еді, қазір ол үш жаста.
Жыл сайын протездерді тегін ауыстыруға болады, өйткені аяқ-қол өседі. Үш жыл кепілдіктің ішінде жөндеу жұмыстары да қор есебінен жүргізілуде.
Толығырақ ақпаратты алу үшін мына телефондарға хабарласуға болады: 8 (705) 573 71 43 немесе 8 (707) 914 23 46 - Индира Тұрсынбекова.