Павлодарлықтар велосипедпен «жасыл» экономика идеясын қолдады

Павлодарлықтар велосипедпен «жасыл» экономика идеясын қолдады

Іс-шараның бастысы жылдамдық емес, процестің өзі: қозғалыс, таза ауа, айналадағы табиғат және, әрине, бір-бірін қолдау болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қыркүйек айының соңғы демалыс күні Павлодар «Ертіс» шаңғы базасында облыстық веложарыс өтті. Доңғалақтардағы флешмобты ЖОО мен колледж студенттері, оқушылар, жастар ұйымдары, спортшылар, сондай-ақ облыстың сегіз жастан 70 жасқа дейінгі жігерлі тұрғындары қолдады.

Веложарысты «New vision team» қоғамдық қоры облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен алдағы референдумды қолдау мақсатында ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шараның басты мақсаты жылдамдық емес, процестің өзі: қозғалыс, таза ауа, айналадағы табиғат және әрине, бір-бірін қолдау.

–         Жиналған велошабандоздар мен спортшылар 2750 метрден екі айналымды жылдамдықпен емес, салауатты өмір салтын ұстанғандықтан жүріп өтеді, сонымен қатар біздің елімізде референдум өткізуді қолдауға жиналады. Мен де оған қатысамын, себеб, бізге станция керек, қолданыстағы жабдық ескірген, ал АЭС болашақта Қазақстанның дамуына мүмкіндік береді деп есептеймін. Өйткені, табиғи ресурстар мәңгілік емес, еліміздің энергетикасын дамыту жолдарын іздеу керек, – деді Павлодар облысының спорт ардагері, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР, Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері Виктор Бондарь.

Веложарысқа мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде облыстық мәслихаттың хатшысы Илья Теренченко да қатысты.

– Бүгін мұнда көптеген қатысушылардың болғаны қуантады. Жалпы, мұндай іс-шаралар жастар мен аға буын өкілдерін біріктіреді, – деді Илья Теренченко. – Салауатты өмір салты, «жасыл» экономика және жаһандық міндеттерді шешудегі заманауи тәсіл өзара байланысты деп ойлаймын. Мұнда біздің жерлестеріміз пікір алмасып, қызықты ақпаратпен бөлісе алады. Облыстық халық штабының белсенділері де іс-шараға, соның ішінде «Аманат» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты қосылды. Барлық партиялардың өкілдері де келді. Менің ойымша, дәл осындай іс-шаралар біздің павлодарлық белсенді жастарымыз үшін біріктіруші фактор болып табылады.

Бұл күні жастар қанатының мүшелерін жасыл қалпақшалар мен шоперлер арқылы тануға болады – олар «дұрыс шешімдер уақыты» ұранымен тақырыптық парақшалар таратып, барлығын алдағы референдумға қатысуға шақырды.

Іс-шара таза спорттық болмаса да, бастамас бұрын ұйымдастырушылар велосипедпен жүру кезінде қауіпсіздік шараларын түсіндірді. Бірінші топты кәсіби велошабандоздар бастады. Сондықтан бәрі ойдағыдай өтті. Іс-шараның соңында барлық қатысушылар дипломдармен және медальдармен марапатталды.