Асайын Байханов жауапсыз мердігерлерді жазалауды тапсырды
Мердігерлер кейбір әлеуметтік нысанның құрылысының мерзімдерін бұзды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук мәлім етті.
– «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен бөлінген 960 миллион теңгенің 177 миллионы игерілмеген. Оған себеп – өтініштердің жоқтығы.
Асайын Байхановты облыста бар қаражаттың пайдаланбайтыны алаңдатады. – Бұл мамандар тапшылығы бар ауылдарға тартуға арналған бағдарлама. Тиісті ресурстары жоқ аудандар бұл қаражатты игере алмаса, неге мұндай соманы жариялайды, соны анықтау керек, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Сондай-ақ, аймақ басшысы бірнеше проблемалық инфрақұрылым нысандарындағы жүргізіліп жатқан жұмыс барысы туралы сұрады. Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков облыстық мамандандырылған балалар үйіндегі жағдайды баяндады. «ГрадСтройСервис» ЖШС мердігерлік ұйым күрделі жөндеуді 20 желтоқсанға дейін аяқтауға уәде берді.
Ал Павлодар ауданының Сычевка ауылындағы жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Алайда нысанды тапсырудың мерзімі өтіп кетті. Мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Мердігер– ГСУ «Құрылыс».
– Құрылысты кешіктіргені үшін мердігерге шара қолдану керек деп есептеймін. Үшінші тоқсанға дейін үлгермейді, себебі одан кейінгі барлық рәсімдерден өту керек. Жұмыстарды 20 желтоқсанға дейін аяқтау керек. Барып, құрылыс барысын тексеру қажет, – деді Асайын Байханов.
Сондай-ақ, облыс әкімі «ГрадСтройСервис» ЖШС-не қатысты да осындай шара қолдануды тапсырды. Айта кетейік, аталған мердігер облыстағы бірқатар нысандарда құрылыс-монтаждау жұмыстарының мерзімін бірнеше рет кешіктірген болатын.
18 миллиард теңгеге салық шегерімі бар «ГрадСтройСервис» ЖШС бір мезгілде Қазақстанда 120 жобамен айналысуда.
Павлодар облысында аталмыш мердігер компания Баянауыл ауданындағы дәрігерлік амбулаториялардың жөндеу жұмыстарын кешіктірген болатын. Өткен жылы Аққулы және Бесқарағай мектебіне де күрделі жөндеу жұмыстарын «ГрадСтройСервис» ЖШС жүргізді. Мердігер шарт бойынша белгіленген мерзімдерден кешіккен.