Павлодарлықтардың назарына: 25 тамыздан бастап алимент тек арнайы шотқа түседі

Павлодарлықтардың назарына: 25 тамыздан бастап алимент тек арнайы шотқа түседі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Елімізде жақында алимент төлеудің жаңа тәртібі күшіне енетін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы мәлімдеді.

Бұл өзгеріс 2026 жылғы 24 маусымда қабылданған заңға сәйкес енгізіліп отыр. Оның мақсаты — алиментке арналған ақшаның толық сақталуын қамтамасыз етіп, оны тек балаға немесе еңбекке қабілетсіз адамды асырауға пайдалану көзделуде.

— Жаңа тәртіп бойынша алимент алушы арнайы банктік шот ашып, оның деректемелерін сот орындаушысына ұсынуы қажет. Сот орындаушысы өндірілген алимент қаражатын тек осы шотқа аударады. Арнайы шоттағы қаражатқа арест салынбайды және ол алимент алушының басқа қарыздарын өтеуге пайдаланылмайды. Осылайша, алимент қаражаты басқа міндеттемелерді өтеуге жұмсалмай, толық көлемде өзінің мақсатына пайдаланылатын болады, - делінген хабарламада.

Ал Әділет министрлігі арнайы шоттың болмауы алимент төлеушіні міндетінен босатпайтынын ескертті. Алайда алимент алушы арнайы шоттың деректемелерін ұсынғанға дейін өндірілген қаражатты аудару мүмкін болмайды. Мұндай жағдайда сот орындаушысы алимент алушыға арнайы шот ашып, оның деректемелерін беру қажеттігін хабарлайды. Деректемелер ұсынылғаннан кейін жиналған қаражат белгіленген тәртіппен аударылады. Бұл аралықта алимент бойынша берешек сақталады және жойылмайды.

Айта кетелік, Павлодар облысы полиция департаментінің мәлімдеуінше, өңірде жыл басынан бері іздеуде жүрген алимент төлемейтін 104 борышкердің жүрген жері анықталған.

Тәртіп сақшылары алимент төлеуден жалтарғаны үшін жауапкершілік қатаң екенін еске салады. Мұндай құқық бұзушылық әкімшілік қамаудан бастап қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін. Заң баланың құқықтары мен мүдделерін қорғайды.