Алимент: Бірнеше миллион қарызы бар павлодарлық әке қамауға алынды
Оның перзенттеріне берешегі 7 миллион теңгеге жеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Павлодар облысының полицейлері борышкерлерді іздестіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Олардың қатарында әкімшілік жауапкершілікке қарамастан, жылдар бойы өз балаларына алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтар да бар.
Осындай алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлердің бірі өзінің кәмелетке толмаған екі баласына шамамен 7 миллион теңге қарыз болып шықты. Ұзақ уақыт бойы сот орындаушыларынан жасырынып жүргендіктен, бұрынғы отбасы полициядан көмек сұрауға мәжбүр болған.
– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында көші-қон қызметінің қызметкерлері борышкердің жүрген жерін анықтады. Ол Павлодар қаласындағы Теміржол көшесінде орналасқан пәтерлердің бірінде жасырынған. Барлық материалдар өндіріп алу жұмыстарын жалғастыру үшін сот орындаушыларына берілді. Сот актісін орындамағаны үшін азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, Павлодар қаласының арнайы қабылдау орнына қамалды. Жыл басынан бері іздеуде жүрген алимент төлемейтін 104 борышкердің жүрген жері анықталды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Мәлік Оңғарбаев.
Полиция алимент төлеуден жалтарғаны үшін жауапкершілік қатаң екенін еске салады. Мұндай құқық бұзушылық әкімшілік қамаудан бастап қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін. Заң баланың құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Сондықтан ата-аналық міндетті өз еркімен әрі уақытылы орындау – әрбір ата-ананың парызы. Бұл тек қаржыны ғана емес, бостандықты да сақтауға мүмкіндік береді.