Павлодарлық аға лейтенант: «Әр баланың өмірінде маңызды рөл атқарғымыз келеді»

Құқық қорғау саласына келмес бұрын он жыл мектепте ұстаздық еткен Мадина Жұмабаева бүгінде жасөспірімдермен жұмысты өз өмірлік миссиясы деп санайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қалалық ювеналды полиция инспекторы, аға лейтенант Мадина Жұмабаева бала кезінен әділеттілік үшін күресуді армандаған.
– Бала кезімнен болашақ мамандығымды таңдадым. Формадағы сымбатты және әдемі қыздарды фильмдерден көріп, әрдайым жақсылықтың жамандықты жеңетініне сендім. Бұл фильмдер әлі күнге дейін есімде. Сол кезде мен бұл жұмыстың қаншалықты күрделі әрі маңызды екенін түсіндім. Мектепті бітіргенде менің құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге деген ұмтылысым балалық арманнан нақты мақсатқа айналды. Алайда тағдырдың өз жоспарлары болды, – дейді офицер.
Ол Ақсу ауданы Қызылжар ауылының орта мектебін бітіргеннен кейін Павлодар педагогикалық институтына оқуға түсті. Бакалавр дәрежесін алған соң 10 жыл бойы мектепте география пәнінен сабақ берді. Кейін сырттай ПМУ-дың «Құқықтану» мамандығын тәмамдады. Полицияда жұмыс істеу арманы оны алға жетелеп, 2022 жылы алғашқы дайындық курстарынан өткен соң ішкі істер органдарында қызмет ете бастады. Үш жылдан бері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алумен және олардың құқықтарын қорғаумен айналысып келеді.
– Менің жұмысымның басты мақсаты – балаларға көмек көрсету, олардың құқықтарын қорғау. Өмірде түрлі жағдайлар болады, балалар да қателеседі. Біз оларға осы үлкен өмірлік лабиринтте дұрыс жолды табуға көмектесуіміз керек. Көбінесе қателікті ересектер жібереді, кейбір ата-аналар балалардың өмірдегі ең қымбат қазына екенін түсінбей жатады. Бірде сот шешімімен немқұрайлы ана ата-ана құқығынан айырылды. Балалар балалар үйіне жіберілді. Қазір олар есейіп, өмірде өз жолын тапты, бізбен байланыста. Сол кезде олардың тағдырына әсер еткенімізді толық сезінбеген болармыз, бірақ уақыт өте келе біздің кәсібіміздің маңыздылығын ұғамыз, – дейді Мадина Жұмабаева.
Аға лейтенант әріптестері арасында үлкен құрметке ие, бірнеше рет Полиция департаменті басшылығының грамоталарымен марапатталған. Оның қызметіне мектеп басшылары да, спорт жаттықтырушылары да оң бағасын беріп жүр.
Сонымен қатар, Мадина 16 жасынан бастап спортпен айналысады. Бүгінде бокстан спорт шеберіне үміткер, қоян-қолтық күресте жүлделі орындарға ие. Жақында ғана ол Астанада өткен жекпе-жектен Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып, қола медаль жеңіп алды. Ол «Өзін-өзі қорғау» және «Өзін-өзі қорғау 1+1» бағыттарында өнер көрсетіп, нағыз кәсіпқой екенін дәлелдеді. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ге жуық спортшы қатысты.
Мадинаның жетістіктерін әріптестері мен жаттықтырушылары ғана емес, туыстары да мақтан тұтады. Оның басты жанкүйерлері – қос қызы: музыка мектебінің 3-сыныбында оқитын Аида және балабақшаға баратын алты жасар Адия. Балалар полицей анасын мақтан тұтады, оны әрдайым қолдайды және оның жанында болуды ұнатады.
Қызметтен кейін үйіне оралғанда, Мадина күн ішінде жинаған көптеген жаңалықтарын қыздарымен бөлісіп, жан тыныштығын табады.
– Мен үшін ең үлкен бақыт – қыздарымды көру, оларды кеудеме басу. Өмірдің жалғасып жатқанын сезіну, олардың көзінен қуаныш көру – баға жетпес құндылық, – дейді Мадина.
«Табандылық, тәртіп және жеңіске ұмтылу» – бұл Мадинаның өмірлік ұстанымы. Ол біздің әрқайсымыз балалардың өміріндегі кездейсоқ адам емес, маңызды тұлға болуымыз керектігін айтады.
Облыстық полиция департаменті 8 наурыз қарсаңында Мадинаға қызметте, спортта және өмірде жаңа жетістіктер тілейді.
Фотосуретті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынды