Павлодар облысында биыл қанша шақырым жол жөнделмек?
Жоспарланған жобалардың жартысы іске асырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Омар айтты.
– Өңірде жолдар мен елді мекендердің ұзындығы 682 шақырым жолды жөндеу мен қайта жаңарту бойынша 140 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оған 28 миллиард теңге жұмсау көзделген. Оның ішінде облыстық, аудандық маңызы бар және елді мекендердің көшелері кіреді. Бүгінде жоспарланған 140 жобаның ішінен жартысы аяқталды. 47 жоба бойынша жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде . 17 жоба бойынша ағымдағы айда бастау жоспарлануда.Сондай-ақ, 6 жоба бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде,– деді Нариман Омар.
Спикердің сөзінше, келесі жылға ауысатын үш жоба бар. Оған республикалық бюджет есебінен 2,5 миллиард теңге бөлінеді.
Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша елді мекендердің көшелерін жөндеуге бағытталған 44 жоба жүзеге асырылуда. Облыс бюджетінен жергілікті маңызды жолдар мен көшелеріне 374 шақырым жөндеу бойынша 52 жоба жүргізілуде.
– Қала, аудан бюджеттерінен ауылдық маңызды жолдар мен көшелерін жөндеу үшін 41 жоба қолға алынған. Олардың жалпы ұзындығы 192 шақырым жолды құрайды. Кіреберіс жолдарды жөндеуге басым. Биыл жалпы ұзындығы 83 километр болатын 26 кірме жолы жөнделмек,– дейді Нариман Омар.
Оның айтуынша, облыс аумағындағы жол-жөндеу жұмыстарының орындалуы облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының ерекше бақылауында болады.
Фото:Константин Шелков