Павлодарлық блогер пауэрбанк жарылысынан ауыр жарақат алды
Қуаттағыш құрылғы қыздың сөмкесінде болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы бойжеткен өзінің әлеуметтік желісінде хабарлап, оқиғаның бейне жазбасымен бөліскен.
Оның айтуынша, оқыс оқиға жаттығудан кейін, үйіне қайтуға жиналып жатқан кезде орын алған. Оның сөмкесінен кенеттен қою түтін шыққан. Бастапқыда ол мұны бірден байқамаған. Өкінішке қарай, бойжеткен сөмкені шешуге әрекет жасаған сәтте пауэрбанк жарылып кеткен.
Жалын қыздың денесін шарпып, қолы мен басын күйік шалған. Спорт клубының қызметкерлері көмек көрсетуге тырысқанымен, жалынды толықтай көшеде ғана сөндіру мүмкін болған.
Зардап шеккен қыз ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның алған күйіктерін ауыр деп бағалап отыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жарылыс салдарынан күйіп қалған қыздың ауруханаға жатудан бас тартқанын атап өтті.