Қатты көктайғақ: Павлодарда екі күнде елуден астам адам жарақаттанды
Олардың көбі бас, аяқ, қол жарақаттарын алып, ауруханаға жүгінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығында көктайғақ салдарынан екі күн ішінде 65 адам түрлі жарақаттармен травматология бөлімшесіне медициналық көмек алу үшін жүгінген.
– Бізге 22 қараша күні сағат 08:00-ден 37 адам келіп түссе, ал 23 қарашада таңғы сағат 06:00-дан бастап дене жарақаттарымен 28 адам медициналық көмекке мұқтаж болды, – деді травмотология бөлімшесінің дәрігері Нұржан Қазкен.
Еске сала кетейік, ауа райының қолайсыздығынан Павлодар мен Ақсу қаласының мектепалды, 1-9 сынып оқушылары үшін түстен кейінгі сабақтар қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылған болатын.