Павлодарлық кітапханашылар әлемдегі үздік мамандармен тәжірибемен алмасады

Олар жасанды интеллекті кітапхана жүйесіне қалай енгізу керектігіне үйренеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Астана қаласында халықаралық IFLA Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресі басталды. Шара «Білімді біріктіру арқылы болашаққа жол ашамыз» тақырыбында өтіп жатыр. Бағдарламада сессиялар, пленарлық отырыс, стендтік баяндамалар, кітапханалық материалдар көрмесі, құралдар, компьютерлік жүйелер және баспалар конференциясы болады деп жоспарланған. Бұл шара Қазақстанда алғаш рет өткізілуде, сондықтан, еліміздегі кітапханашылар үшін пайдасы зор болмақ. Оған әлемнің 114 елінен 1600-ден астам делегат қатысуда. Атап айтар болсақ, Қытай, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Филиппин, Швеция, АҚШ, Жапония, Африка және басқа да шет елдерден қонақтар келді. Одан бөлек, Қазақстан бойынша 300-ден астам кітапханашының басын қосты.
Конгресс белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің құттықтау сөзімен ашылды. Сонымен қатар ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов пен IFLA президенті Вики Макдоналд баяндама жасады.
Аталған маңызды шараға С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханадан арнайы делегация – кітапхана басшысы Шолпан Шахметова, кітапхана басшысының орынбасары Баршагүл Байжанова, бөлім басшысы Жазгүл Қажыбаева, кітапхана қызметкері Гүлнұр Сатимова қатысуда.
– Бұл конгрестің қазақстандық кітапханашылар үшін маңызы зор. Себебі мұндай шара посткеңестік елдер арасында алғаш рет Қазақстанда өтіп жатыр. Бұған дейін АҚШ-та, Африка және Азия елдерінде өтіпті. Конгреске әлем бойынша ең үздік кітапханашылар жиналып, өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп жатыр. Алғашқы күні жасанды интеллекті қолдану бойынша пайдалы кездесулер болды. Яғни, мұндай жаңашылдықтың кітапханалық процеске маңыздылығы қандай, қандай әсері бар, оны қалай пайдалануға болады деген сұрақтарға жауап алдық, – деді кітапхана басшысы Шолпан Шахметова.
Іс-шара барысында әлемдік деңгейдегі ең үздік кітапханалар арасында сайыс болып, онда Канаданың Квебек қаласындағы Габриэль-Руа кітапханасы жеңімпаз болды. Конгресс 5 күнге созылады.