Павлодар облысында үш адам тілсіз жаудың құрбаны болды
Жылыту маусымының алғашқы айында өрт саны екі есе артты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтің айтуынша, бірінші оқиға Ақсу қаласында болған – 1942 жылы туған әйел көпқабатты үйдегі пәтердегі өрт кезінде көз жұмған.
Екінші жағдай Тереңкөл ауылында тіркелді – 1982 жылы туған ер адам жеке тұрғын үйде болған өрт салдарынан қаза тапқан.
Ал үшінші өрт оқиғасы Павлодар қаласында орын алған. Мұнда 1956 жылы туған ер адам көпқабатты үйдегі пәтердегі өрт кезінде қайтыс болды.
– Кейде адамдар ұйықтар алдында пешті жағып кетіп, мұржа бітеліп қалу немесе пештің ақауы салдарынан улы газдан улану жағдайлары орын алады. Мұндай кезде адам тыныссыз ұйқыға кетіп, оянбай қалуы мүмкін. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін улы газ датчиктерін орнату – ең тиімді және арзан әдіс. Қазіргі таңда мұндай құрылғылар еркін сатылымда бар, ал әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға олар тегін орнатылып жатыр, – деп атап өтті Қайрат Шаймарденов.
Оның сөзінше, өрт сөндірушілер облыс бойынша 40 мыңнан астам үйге барып, 50 мыңнан астам адамға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Павлодар облысында жылыту маусымының алғашқы айында өрт санының көбеюі тұрғындардың әлі де қауіпсіздік мәдениетін толық меңгермегенін көрсетеді.
Өрттің алдын алу қарапайым ережелерді сақтау мен жауапкершілікті сезінуден басталады.