Павлодар музейі балаларға арнап тың жобаны қолға алды
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі танымдық әрі тәрбиелік мәндегі мультфильмді көрерменге ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл игі бастама Мемлекет басшысының 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауынан кейін қолға алынған.
– Бүгінгі таңда балабақшадағы бүлдіршіндерге қысқа контенттер керек. Оның ішінде ұлттық нақышты, ұлттық болмысты көрсете алатын, елін, Отанын сүюге үндейтін, үлкенді сыйлауға арналған мультфильмдер қажет. Біз қолға алған тың жоба осы олқылықтың орнын жабады деген сенімдеміз. Осы мақсатта аталмыш мультфильмді әзірледік. Бұл бірінші жобамыз. Әзірге әлеуметтік желі арқылы халықтың пікірін білуді мақсат етіп отырмыз. Кейіннен балабақшаларға ұсынамыз, – дейді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров.
Айтуынша, мультфильм жасанды интеллектің көмегімен жасалмаған. Оны әзірлеу үшін музей қызметкерлері бір жарым айын сарп еткен. Осылайша, керемет туынды кішкентай көрермендерге жол тартты.

– «Еркіндік қанаты» деп аталатын танымдық әрі тәрбиелік мәндегі мультфильмнің мазмұны балалардың қиялын дамытып қана қоймай, оларға еркіндік, батылдық, адалдық, достық пен отансүйгіштік сынды асыл қасиеттерді өн-бойына сіңіруге бағытталған. Мультфильмдегі атаның рөлін - Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ муызка-драма театрының актері Бейбіт Шәнім ағамыз дыбыстаса, баланы - Шапық Шөкин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы Мансұр Жанасылұлы сомдады, – дейді музей басшысы.
Үнемі тың жобаны қолға алып, ерекшелене білетін ұжым жыл соңына дейін тағы осындай мазмұндағы 4-5 туындыны дайындауды жоспарлап отыр. Келесі жобаның тақырыбы үлкенге құрмет болмақ. Ол сәуір-мамыр айында жарыққа шығады деп күтілуде.
Музейдің балаларға арнаған сыйы мұнымен аяқталмақ емес. Құнды жәдігерге толы қасиетті мекен балабақшаларға, қалалық жастарға арнап журнал әзірлеу үстінде. Цифрлық форматта дайындалып жатқан журналдан кез келген адам музейде қандай жәдігер барын көре алады. Яғни әр жәдігердің астына қойылған QR-код арқылы оның тарихына көз жүгіртіп, ақпаратпен қанығады. Екінші журналда музейге қысқаша шолу болады. Оны да QR-кодтың көмегімен қарап, танусыға мүмкіндік бар.
– Бұдан бөлек, биыл музейде мерейтойы аталып өтілетін кейіпкерлеріміз бар. Соларға қатысты да ақпараттар цифрландырылып, адам көп жиналатын қоғамдық орындарға орналастырылады. Қазір таңда тапсырыс беріліп қойды, – дейді Ербол Қайыров.
Музейдегі тағы бір маңызды жоба – голограмма. Мұнда мерейтой иелерінің бейнесі жасанды интеллект арқылы ұсынылмақ. Яғни кейіпкерлердің дауысын шығарып, көрерменге үнін тыңдату. Бұл жоба оқушылардың танымын арттыруға зор мүмкіндік бермек. Мәселен, музей әзірлеген облыстың әдеби картасында кез келген ауданды басу арқылы сол ауылдан шыққан әдеби тұлғалардың есімімен ғана танысып қоймай, ақын-жазушылар туралы қысқаша ақпарат беріліп, тұлғалардың үнін естуге де мүмкіндік бар. Мысалы Жаяу Мұсаның өмірі мен шығармашылығына қызығушылық танытатындар ЖИ-дің көмегімен серінің ән айтқан кезін тамашалай алады. Бұл биылғы жылы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі қолға алған ауқымды шаралардың бір парасы ғана.
Посмотреть эту публикацию в Instagram