Павлодарлық Мәжіліс депутаты азаматтық борышын өтеп жатқан азаматтармен кездесті
Облысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай жұмыс сапары аясында келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ол «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченкомен бірге Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінде болып, облыстық жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Қанат Кәрімовпен кездесті.
– Мұндай құрылымдарда жүргізілетін жұмыс - бұл өңірдің қауіпсіздігіне қосқан үлесі ғана емес, сонымен қатар азаматтардың ұлттық қауіпсіздік жүйесіне деген сенімінің кепілі. Мұндай сапарлар бізге қандай мәселелерді заңнамалық деңгейде шешу керектігін жақсы түсінуге көмектеседі, – деп атап өтті Жарқынбек Амантай кездесу барысында.
Жұмыс сапары барысында өңірдің жұмылдыру дайындығының, азаматтық қорғаудың, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен күш құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың негізгі мәселелерін талқылады.
Қанат Кәрімов өзінің басқармасының ағымдағы қызметі туралы баяндап, жеке құрамды дайындаудағы және материалдық-техникалық базаны нығайтудағы жетістіктерін атап өтті.
– Бүгінгі кездесу өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, билік пен қауіпсіздікке жауапты құрылымдар арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Аймақ тұрақтылықты қажет етеді және біз оны қамтамасыз ету үшін бәрін жасаймыз, – деді облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко бірлескен шешімдерді әзірлеудің маңыздылығына назар аудара отырып.
Жұмыс сапары билік органдары мен өңірдің қауіпсіздігіне жауапты құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі одан арғы қадамдарды талқылаумен аяқталды. Депутат Жарқынбек Амантай атқарылған жұмыстар үшін алғысын білдіріп, Парламентте азаматтардың тұрақтылығы мен қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастыратынына сендірді.