Павлодарда қоғамдық көлікте тегін ауысып міну жүйесі енгізіледі

Жаңашылдық көлік картасы мен «Avtobys» қосымшасы арқылы қолжетімді болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, 20 тамыздан бастап Павлодар қаласында қоғамдық көліктің жаңа, оңтайландырылған маршруттық желісі сынақ режимінде іске қосылады. Бір ай көлемінде жолаушыларға ауысып мінген кезде екінші жол жүру тегін ұсынылады.
– Егер сіз қала маңы бағыттарынан (№17, 24, 38, 40, 41, 44, 66) кез келген қалалық бағытқа (автобус немесе трамвай) немесе керісінше ауыссаңыз, екінші сапарыңыз тегін болады. Ол үшін бірінші сапарды міндетті түрде көлік картасымен немесе «Avtobys» мобильді қосымшасы арқылы төлеу қажет. Сондай-ақ, ауысып міну бірінші сапарды төлеген сәттен бастап 60 минут ішінде жүзеге асырылып, екінші сапар электрондық төлем жүйесінде тіркелуі тиіс, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, банк картасымен, мобильді банк қосымшасы арқылы немесе мобильді оператордың шотынан төлем жасаған жағдайда бұл қызмет қолданылмайды. Тегін ауысып міну үшін көлік картасын пайдалану немесе «Avtobys» қосымшасы арқылы сапарды тіркеу қажет.