Павлодарлық опера дивасы Димашпен бір қатарға енді
«Ізгі ниет елшілерінің» пулы кеңейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл тізімге басқа қазақ жұлдыздарымен бірге опера әншісі Мария Мудряк енді. Одан бөлек тізімге халық әртісі Димаш Құдайберген, тележүргізуші Майя Бекбаева, археолог әрі ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының мүшесі Дмитрий Воякин және тағы басқалар ілінді.
– Ізгі ниет елшісі деген құрметті атаққа ие болу мен үшін мәртебе. Мен Қазақстанды әлемдік опера сахналарында көрсететінімді әрқашан мақтан тұтамын және алдағы уақытта да өз елімді әлемдік деңгейде лайықты түрде көрсетуге тырысамын, - деді павлодарлық әнші.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Қазақстанның ізгі ниет елшілері» жобасы мәдениеттер мен халықтар арасындағы диалогты дамытуға, сондай-ақ еліміздің танылуын арттыруға және оның жетістіктерін шетелде танымал етуге бағытталған.
Бұл тізімде бірінші болып виртуоз скрипкашы, дирижер, Азия-Тынық мұхиты аймағы оркестрлері альянсының директоры Марат Бисенғалиев, Олимпиада чемпионы, велошабандоз Александр Винокуров, суретші және антиядролық қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіков, эстрада әншісі Мирхидай Мирфарух, кардиохирург Юрий Пя, күштік номерлер бойынша әлем рекордсмені және Гиннес рекордтар кітабының иегері Сергей Цырульников және басқалар бар.