Ақсу мұражайына Қаныш Сәтбаевтың пальтосы табысталды

Ақсу мұражайына Қаныш Сәтбаевтың  пальтосы табысталды
Фото: Наргиз Күбеш

Аталмыш іс-шара «Музейге осы жәдігерді тапсырам» атты акциясының  шеңберінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу тарихи-өлкетану музейінде ғалым-геолог, ғылым ұйымдастырушысы және қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай музей қорына жеке затын тапсыру салтанаты өткізілді. Аталмыш іс-шара атақты жерлестеріміздің отбасыда сақталған құнды заттарымен музей қорын толықтыруға бағытталған. 

Ақсу қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медіғат Манаповтың айтуынша, «Музейге осы жәдігерді тапсырам» атты іс-шарада Қаныш Сәтбаевтың келіні Алтын қажының үйінде мұра болып сақталған пальтосы мен фото суретін жиен немересі Айгерім Бимағамбетованың ұсынысымен табыс етілді. 

Басшының әңгімелеуінше, Қаныш Сәтбаев ағасы Ибатайұлы Хамит Баянауыл ауданы Тендік ауылы (қазіргі Мұса Шорман) Керге тас қыстағында тұрған. Хамит Тендік (қазіргі Мұса Шорман) ауылында жылқышы, Ленин орденімен марапатталған сыйлы, көзі ашық адам болған екен.

Қаныш Сәтбаев Хамит ағасына Керге тас қыстағына жиі қымыз ішіп демалуға келіп тұрған екен. Сол уақытта Хамит ағасының тұңғыш ұлы Рашидтың мүшел жасына орай (1956 жылы) дастархан басында әңгімелесіп отырған кезде, Қаныш Сәтбаев өз пальтосын сыйға тартады. Рашид Қаныш ағасы сияқты  әнші, баянист болған.  

Бірақ Рашид пальтоны көп кимей, естелік ретінде сақтап қойған. Осы пальто мұра ретінде Рашидтың туған інісі Тұрсынға қалады.

Рашид ағасы қайтыс болғандықтан, Тұрсын інісі жұбайы Алтын Қажы апаға «Қаныш ағаның көзі», «ешкімге бермеңдер» деп аманат еткен. 

Сондай-ақ, Қаныш Сәтбаевтың фото суреті Тұрсынның шаңырағының төрінде ілулі тұрған. 

2023 жылы «Отбасымда сақталған құнды зат» музейлік жобасы бойынша Айгерім Бимағамбетова жобамен танысып, Баянауылда қара шаңырақты ұстап отырған Тұрсын атаның қызы Алмагүлмен ақылдасып, Қаныш Сәтбаевтың пальтосын Ақсу қаласының тарихи-өлкетану музейінің қорына табыстауға шешім қабылдайды.  

– Бұл жәдігер –  менің нағашы атам мен әжемнен қалған мұра. Алтын Қажы апам көз жұмғаннан кейін, туыстарымызбен ақылдаса келіп, Ақсудың мұражайына неге бермеске деп мұраны музей қорына табыстауға шешім қабылдадық. Жас ұрпақтарға өнеге болсын деген ниетпен. Енді үйімізде суреті бар, –  дейді Айгерім Бимағамбетова. 

Сондай-ақ, мұражай қызметкерлері аталмыш жәдігер жайлы 15-20 жыл бұрын естіген.  Олар отбасымен келіссөздер жүргізуге тырысты, бірақ нәтижесін бермеді.

 – Алла Тағала Қаныш ағамыздың 125 жылдығына орай мұражай қорына бұйыртып тұр екен. Алдағы уақытта Ақсу қаласының жаңа салынайын деп жатқан мұражайында қор коллекциясындағы ең маңызды, бас экспонат ретінде орын алары сөзсіз. Сәтбаев дегенде планетарлық масштабтағы жеке тұлғаны айтамыз, – дейді облыстық Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Арман Алиақпаров.

Спикердің сөзінше, бұған дейін мұражай қорларында Қаныш Имантайұлының жеке заттары болған жоқ. Тек Сәтбаев минералдарының жеке коллекциясы бар. Оны ғалымның қызы Мейіз Павлодар университетіне тапсырды, кейін бізге табысталды. 

– Біз үшін бұл – үлкен оқиға, қуаныш. Мүмкіндікті пайдалана отырып, тұрғындарды үйде құнды заттарды ұстамауға шақырамын. Бұл жәдігерлерді барлық жұрт тамашалайды. Сондай-ақ, шетел адамдары да көреді. Тарих беттерінде де ғасырлар бойы ұзақ уақыт сақталады, – дейді мұражай басшысы. 

Туыстары геологтың туған жерінде, яғни Баянауылдың мемориалдық мұражайында Сәтбаевтың көптеген заттары бар болғандықтан, Ақсу қаласына табыстауды жөн деп ұйғарды. 

– Ақсу – металлургтер қаласы. Металлургия саласы Сәтбаевпен тікелей байланысты. Бұл қалада да Қаныш Сәтбаевтың жеке заты болуы керек деп шештік. Экспонат туралы білгеннен кейін, бір ай бойы барлық өңдеулер жүргізілді, – дейді Ақсу қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медіғат Манапов.

Қазіргі таңда Ақсу қаласының мұражайы Мәдениет үйінің үшінші қабатында, жарамсыз бөлмелерде орналасқан. Қозғалмалы топтарға, шетелдіктер мен қонақтарға және жалпы азаматтарға үшінші қабатқа көтерілу қиындық туғызады. 

Осыған орай, жиын барысында Ақсу қаласының жаңа мұражайы жайлы сөз қозғалды.  

– Келесі жылға салыну құрылысын жоспарлап отырмыз. Осыған орай, мұражай қорына осындай тың толықтырулар – нұр үстіне нұр, бәрімізге –  ортақ қуаныш. Осы жұмада тойланатын тойымыз тек берекелі, мерекелі өтсін. Бұл акцияға орай қала әкімі де Нұрлан Дүйсенбинов өз алғысын білдірді, –  дейді Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Айгерім Абенова.

Ақсу қаласында Қаныш Сәтбаевтың есімі Ертіс-Қарағанды каналына, дарынды балаларға арналған мектеп-гимназиясына, сондай-ақ қала орталығында орнатылған ескерткішке берілген.