Асайын Байханов павлодарлықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады
Қазақ елінің егемендікке қол жеткізгеніне 32 жыл толды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
16 желтоқсан – Тәуелсіздік алу жолында күрескен ұлы батырларымызды еске алу күні. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов тұрғындарды бүкіл елге ортақ мерекемен құттықтады.
– Олардың есімдері біздің жадымыздан ешқашан өшпейді. Азат елде еркін өмір сүруді бірнеше буын ұрпақтары армандады. Бұл Қазақстанды шексіз сүйетін, мемлекеттік егемендікті сақтау мен нығайту, бірлік пен өзара сыйластықты пір тұтатын барша жан үшін аса қастерлі мереке,– деп жазды аймақ басшысы өзінің Instagram парақшасында.
Асайын Байханов Тәуелсіздік жылдарында халқымыз саяси тұрақтылыққа, ұлтаралық және конфессияаралық келісімге қол жеткізгенін атап өтті.
– Еліміз жыл сайын дамып, даму стратегиясы айқын және нақты перспективалары белгіленген мемлекеттің жарқын үлгісі болып табылады,– деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы мерекеге орай әр отбасыға бейбітшілік, амандық пен баянды бақыт тіледі.