Ақсуда алғаш рет Нұтфолла Шәкенов оқулары өтті

Ақсуда алғаш рет Нұтфолла Шәкенов оқулары өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ақынның шығармашылығы көпке мұра, деп хабарлайды@Pavlodarnews.kz тілшісі

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастырумен № 8 орта мектебінде алғаш рет ақын Нұтфолла Шәкеновке арналған қалалық оқулар ұйымдастырылды.

Ақын1928 жылы Ақсу қаласына қарасты Қанаш Қамзин атындағы aуылда дүниеге келген. Оның өлеңдері 1944 жылдан бастап республикалық және Мәскеуден шыққан басылымдарда шығып тұрды. Алғашқы өлеңдер жинағы «Біздің жыр» 1949 жылы жарық көрді. Бұл кітапқа Отан, еңбек адамдарының ерлік істері жайындағы лирикалық өлеңдер енген.

Нұтфолла Шәкенов 120-дан астам қазақ әнінің сөзін жазған.Оның өлең мәтіндеріне қазақ музыка мәдениетінің көрнекті қайраткерлері Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Бақытжан Байқадамов, Нұрғиса Тілендиев, Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Мыңжасар Маңғытаев, Еркеғали Рахмадиев, Ғазиза Жұбанова, Әсет Бейсеуов, Бекен Жамақаев, Сыдық Мұхамеджанов, Мәкәлім Қойшыбаевтар өміршең, ғұмырлы әндер шығарған.

Байқаудың мақсаты – қазақ поэзиясының дамуына үлес қосқан ақын шығармаларын насихаттау, өскелең ұрпақты көркем әдебиетті сүюге баулу, мәнерлеп оқу дағдыларын жетілдіру.

–   Байқауда 5-7 және 8-10-сынып болып екі топқа бөлініп, 30-ға жуық оқушы ақынның өлеңдерін жатқа, көркем мәнермен оқыды, – деді Медығат Манапов.

Ережеге сәйкес, оқушыларға ақынның поэзиясы «Туған жер, саған не жетсін!», «Жер астында жұлдыздар», «Түнгі Қарағанды», «Шат-шадыман Шыңғыстау», «Екібастұзға қарасам», «Абай әні» сияқты түрлі тақырыптағы өлеңдері іріктеліп, берілді.Сонымен қоса, ақынның сөзіне жазылған «Махаббат вальсі» және «Кестелі орамал» әндері орындалды.

Байқаудың қорытындысы бойынша 5-7-сынып оқушылары арасында бірінші орынды Феруза Рашад жеңіп алды. Екінші орынды Әлия Орынбасар иеленсе, үшінші орынды Нұртөре Дөрбетхан жеңіп алды. Арнайы жүлдені Нұрмұхамед Құрманғазы жеңді.

8-10-сынып оқушылары арасында бірінші орынды Нұрбол Берікболұлы,екінші орынды Нұрдана Маратқызы иеленді, үшінші орынға Ақтілек Сетерғазыұлы ие болды. Аяжан Боранбек арнайы жүлденің иегері атанды.

Барлық қатысушылар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.