Жүргізуші куәлігінен айырылған павлодарлық тұрғын көлік тізгіндеген

Оған 200 мыңға жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ құқық бұзушылар арасында орындалмаған жаза үшін жазаның бұлтартпаушылық қағидатын сақтау мақсатында өңір аумағында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Екі күннің қорытындысы бойынша борышкер жүргізушілерден алты миллион 800 мың теңге өндірілді.
– «Кибер-Шериф» аппараттық-бағдарламалық кешенін қолдана отырып, жүргізушілердің қарыздары бар 263 көлік құралы айып тұрағына қойылды, – деді облыстық полиция департаментінде. Мысалы, тәртіп сақшылары ВАЗ маркалы автокөлікті қамауға алды, себебі, өңір тұрғыны жүргізуші куәлігінен айырылса да, көлік құралын жүргізді.
Жүргізушіге қатысты 196 600 теңге мөлшерінде айыппұл салумен хаттама толтырылды. Енді көлік иесі қарызын толық өтегеннен кейін ғана көлігін ала алады.
Полиция департаменті азаматтардан әкімшілік айыппұлдардың бар-жоғын тексеруді және осындай жағдайларды болдырмау үшін заңда белгіленген мерзімде бар қарыздарын өтеуді сұрайды.
Естеріңізге сала кетейік, «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы ағымдағы жылдың 31 наурызына дейін жалғасады.