Павлодарда қарт анасын балағаттаған ер адам сотта жауап береді
Сондай-ақ ол белгілеген ерекше талаптарды бұзған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғылықты жері бойынша тұрмыста құқық бұзушылық жасауға бейім және полицияның бақылауында тұрған 449 адам тексеріліп, 113 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
– 46 жастағы ер адам үйінде 70 жастағы анасымен жанжалдасып қалған. Ұлы анасын қорлап, балағат сөздер айтқан. Бұрын сот ер адамға алкоголь ішуге тыйым салған. Анасы бұл жолы полицияға жүгінген. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңсыз әрекеттері үшін ұлы жауапқа тартылды. Сондай-ақ, сот белгілеген ерекше талаптарды бұзғаны үшін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, материал сотқа жіберілді, – деді департаментте.
Сондай-ақ Екібастұзда бірге тұратын азамат жұбайымен жанжалдасып, балағат сөздер айтып, пәтер ішінен қуып жіберемін деп қорқытқан. Әйел мұндай сөздерге шыдай алмай, полициядан көмек сұраған. Тұрмыс саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін ер адам жауапқа тартылды, сот жәбірленушіні қорғау үшін 30 тәулік мерзімге қорғау ұйғарымын шығарды
Тек бір тәулік ішінде полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 88 хабарлама келіп түсті, оның ішінде 42 адам отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жазаланды.
Алты ата-ана кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуде міндеттерін тиісінше орындамағаны, 37-сі алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болғаны үшін жауапқа тартылды.
Нәтижесінде құқық бұзушыларға 29 қорғау ұйғарымы шығарылды, алкогольдік ішімдіктерді ішуге тыйым сала отырып, құқық бұзушының тәртібіне алты ерекше талап қойылды.