Павлодарлық оқушылар бақыттың кілтін ашты

Ол қарапайым: «Жер-Анаға қамқор болу үшін өмір сүр», деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Танымал экобелсенді Юрий Гашек «Шекарасыз экология: айналамыздағы табиғатты сақтайық» акциясы аясында павлодарлық оқушыларға емен жаңғағын сыйлады. Мақсат — табиғатқа деген жауапкершілікті ояту. Сонымен қатар, әр балаға ағаш отырғызып қана қоймай, оны күту дағдыларын үйрету.
Юрий Гашектің айтуынша, экологиялық мәдениет бір реттік акциялармен шектелмеуі керек. Табиғатты қорғауға бағытталған әр әрекет өмір салтына айналуы маңызды.
— Біз балаларға көшеттер сыйлауды игі дәстүрге айналдырдық. Ағашты отырғызу оңай, ал күту — күрделі процесс. Оны жас ұрпаққа көрсетіп, үйрету қажет. Өз басым, көшет салып, оны өсіруді экологиялық тәрбиенің ең жақсы үлгісі деп білемін. Біз ортақ үйіміз Жерде тұрамыз, жұмақ әлемде дүниеге келдік. Алайда, кейде қоршаған ортамызды аялауды ұмытып кетеміз. Ал Жерімізге қамқор болуды бақыттың формуласы деп білемін, — дейді Юрий Гашек.
Ақсу ауылдық аймағына қарасты Үштерек орта мектебінің оқушысы Жансая Сисенханға да тосынсый тарту етілді. Жеткіншек емен жаңғағын мектеп ауласына отырғызуды жоспарлап отыр.
– Осы тектес шараларға жиі қатысамын. Бүгінгі акцияның орны бөлек. Емен жаңғағын отырғызып қана қоймай, күту мақсатын көздеймін. Барынша қорғап, жапырағы жайқалған ағаш өсіремін, — дейді Жансая.
Айта кетейік, Юрий Гашек жастарға экологиялық тәрбие беру ісімен көптеген жылдар бойы айналысып келеді. Бұл шара — игі істердің бір парасы ғана. Экобелсендінің бастамасымен Павлодар ауданының Даниловка ауылына жақын маңдағы құрғақ дала ну орманға айналды. Ағаштардың көптігінде есеп жоқ. Қолайлы экологиялық жағдай құстардың ұшып келуіне сеп болды. Бүгінгі таңда орманда қанаттылардың 20-ға жуық түрі тіршілік етеді.
Ал 2018 жылдан бастап өндіріс ошақтарының қолдауымен тәлімбақ жобасы жүзеге асырылып келеді. Содан бері белсенділер павлодарлықтарға көшеттерді тегін таратып, оларды дұрыс отырғызу мен күту жолдарын көрсетуде. Тұрғындар бір ғана талапты орындаса болды. Ол — өсімдіктерді күту. Жобаның арқасында облыс орталығының көшелерінде терек, қарағай мен талдардың саны артуда.